Айта кетейік, Астанада цифрлық инклюзия және трансформация бойынша Орталық Азиядағы алғашқы Азия-Тынық мұхиты министрлер конференциясы өтіп жатыр. Оның қорытындысы бойынша түрлі келісімдерге қол қою жоспарланған.
Цифрлық даму министрі ең маңызды келісімдердің бірі Amazon Kuiper интернет қызметімен жасалатынын айтты.
«Amazon Kuiper — спутниктік интернет қызметін ұсынатын спутниктік шешім. Starlink, OneWeb-тің баламасы. Менің ойымша, осы бағытта бәсекелестікті дамыту арқылы біз азаматтар үшін қолайлы бағада сапалы қызметтер ала аламыз», — деді Жаслан Мәдиев Астанада цифрлық инклюзия және трансформация конференциясында.
Өткен жылы Amazon компаниясы Project Kuiper спутниктік интернет қызметтерін іске қосу үшін алғашқы екі ғарыш спутнигінің прототиптерін ұшырды.
Жалпы Amazon 3200-ден астам спутникті орбитаға шығаруды жоспарлаған болатын.
Алайда, жақында компания Project Kuiper толыққанды топтамасын іске қосуды 2024 жылдың соңына шегерді.