Қазақстанда ана өлімі - 13, бала өлім-жітімі 5 пайызға азайды - министрлік

АСТАНА. 20 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде селекторлық режимде ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованың төрағалығымен ана мен бала өлімін және қан айналымы жүйесі ауруларынан өлімді төмендету бойынша шұғыл шаралар қабылдауға арналған республикалық штабтың кезекті отырысы өтті.

Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметінен хабарлады.

Республикада 2012 жылдың алты айының қорытындысы бойынша ана өлім-жітімінің көрсеткіші 2011 жылдың сәйкес кезеңімен (17,7) салыстырғанда 100 мың тірі туған нәрестеге 15,4 құрады. Ана өлім-жітімі көрсеткіші 13 пайызға төмендегіні байқалады.  

Бала өлім-жітімінің көрсеткіші былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен (15,6) салыстырғанда 1000 тірі туған нәрестеге 14,8 құрады, көрсеткіш 5% төмендеді.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тұрақты түрде «Емхана» автоматтандырылған ақпараттық жүйе бағдарламасының «Жүкті және босанған әйелдер регистрін» медициналық ұйымдармен жүргізілуіне тұрақты мониторинг жасауда.

Мұндай іс-шаралар жалпы республика бойынша жүкті әйелдер денсаулығын, оларды жүктіліктің, босанудың және босанғаннан кейінгі барлық кезеңдерде жүргізуді, медициналық ұйымдардың шұғыл өзара әрекеттесуін және ана мен жаңа туған нәрестелердің денсаулығына төнетін ықтимал қауіп-қатерді азайтуды үнемі қадағалауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, күрделі жағдайлардың алдын-алу үшін шұғыл шараларды уақтылы қабылдауға мүмкіндік беретін жүкті және босанған әйелдердің аса қиын жағдайларын, жүкті әйелдерді дер кезінде ауруханаға жатқызу бойынша күнделікті мониторинг жасалады.

Астана қаласында Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы базасында медициналық қызметкерлер, профессорлық-оқытушылар құрамының үздіксіз кәсіби білімін ұйымдастыру,  Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының (БДСҰ) ұсыныстарына сәйкес тиімді перинатальдық технологияларды енгізу, 5 жасқа дейінгі сау және науқас балаларды жүргізу стандарттарын практикалық жұмысқа енгізу үшін Балалар ауруларын жүргізу ықпалдау үйлестіру орталықтары (БАЖЫҮО) құрылды.

Республиканың 16 өңірінде БАЖЫҮО және тиімді перинатальдық көмек өңірлік орталықтары құрылды.  

Сондай-ақ, министрлік ЮНИСЕФ және БДСҰ бірлесіп 5 жасқа дейінгі балаларды күту жөніндегі ережелермен аналарды ақпараттандыру бойынша кең көлемді науқан өткізуде. Қазақстандағы әрбір жас ана қатерлі белгілер сипатталған және 0-5 жас аралығындағы баланың әрбір кезеңіне арналған ұсыныстар енгізілген  ерте бастан баланы күту және дамыту бойынша ақпараттық білім беру құралын алуда.

2011-2012 жылдары министрлік республикада алғаш рет үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп «Дені сау отбасы», контрацепция, АИТВ профилактикасы мәселелері бойынша консультативтік телефон желісінің қызметі, «Мүмкіндігі шектеулі әйелдердің денсаулығын сақтау», «Ана мен бала», «Отбасының қолынан бәрі келеді» сияқты әлеуметтік жобаларды іске асыруда.

Ана мен бала өлімін төмендету мақсатында нормативтік-құқықтық актілер үнемі жетілдірілуде. Одан басқа, отбасын жоспарлау және отбасының денсаулығын жақсарту үшін бала босанатын жастағы әйелдерді қарау алгоритмі әзірленуде.