Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM – Осы апта еліміздің жергілікті атқарушы органдарында бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.

Қазақстан Үкіметінің келісімімен, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Моңғолия азаматы Саранго Раднаарагчаны Қазақстандағы БҰҰ-ның жаңа Тұрақты үйлестірушісі қызметіне тағайындады. 

С.Раднаарагча Еуропа мен Орталық Азиядағы орнықты даму саласында 25 жылдық мол тәжірибеге ие. Ол БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі лауазымына тағайындалғанға дейін БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясында (ЕЭК БҰҰ) Қоршаған орта мәселелері жөніндегі өңірлік кеңесші қызметін атқарды. Бұл қызметте бірнеше БҰҰ елдік топтарында ЕЭК-тің өкілдік қызметін тиімді қайта ұйымдастырды.

***

Аптаның басында Бақытнұр Бақытұлы Алматы облысы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды. 

Бақытнұр Бақытұлы — 1986 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары: - 2008 ж. — Нархоз университеті, «қаржы»;

- 2009 ж. — American Graduate School of Business (Швейцария), «іскерлік әкімшілендіру»;

- 2011 ж. — Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясы, «құқықтану»;

2020 ж. — Қазақ ұлттық аграрлық университеті, «мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы».

***

Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы әкімінің міндетін атқарушы-әкімнің орынбасары болып Бейбіт Исманов тағайындалды. 

Бейбіт Исманов 1971 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. «Автомобиль көлігінің инженер-механигі» мамандығы бойынша М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін, «Құқық бакалавры» мамандығы бойынша Мәскеу заманауи гуманитарлық институтын, «Мемлекеттік және муниципалдық басқару магистрі» мамандығы бойынша Ресей Федерациясы Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және Мемлекеттік қызмет академиясын бітірген.

Осы лауазымға тағайындалғанға дейін СҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы болды.

***

ҚР Көлік министрлігі аппарат басшысының бұйрығымен Нұрсұлтан Жамашев Солтүстік Қазақстан облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы қызметіне тағайындалды. 

Нұрсұлтан Жамашев 1986 жылы Қарағанды қаласында туған. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Юриспруденция» мамандығы бойынша тәмамдаған. Осы тағайындауға дейін Шымкент қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары қызметін атқарды.

***

Шымкент қалалық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары қызметіне полковник Құрманбек Сахов тағайындалды. Ал Түркістан облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары лауазымына полковник Арман Бейсенбаев келді. 

Қ.Сахов 1984 жылы дүниеге келген, ішкі істер органдарында 2001 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаментінде түрлі басшылық қызметтерді атқарған. 2025 жылдың ақпанынан маусым айына дейін Түркістан облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары қызметін атқарған.

А.Бейсенбаев қызмет жолында тергеушіден бастап, облыстық деңгейдегі басшылық қызметтерге дейінгі сатыдан өткен. Ал, 2015-2025 жылдар аралығында Шымкент қалалық ішкі істер басқармасының бастығы, Шымкент қаласы ішкі істер басқармасы бастығының бірінші орынбасары, Шымкент қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары, Шымкент қаласы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары лауазымдарында еңбек етті.

***

Атырау облысының жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы қызметін Серік Әміров атқарады. 

Серік Саматұлы 1979 жылы Атырау облысында дүниеге келген. Д.Курский атындағы Саратов мемлекеттік құқық академиясын бітірген. Кейін Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінде Executive MBA бағдарламасы бойынша «Іскерлік басқару» магистрі дәрежесін тәмамдаған. Сондай-ақ Ұлыбританияның Лондон қаласындағы Canterbury Christ Church University университетінде тағылымдамадан өткен.

2024 жылдың ақпанынан бастап қазірге дейін Атырау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.

***

Осы аптада Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жаңа басшы келді. Бұл лауазымды Мақсат Әділұлы Мұқашев атқаратын болады. 

Мақсат Мұқашевтың «Мемлекеттік және жергілікті басқару», «Көлік құрылысы» мамандықтары бойынша екі жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері мемлекеттік қызметте. Еңбек жолын Қарағанды облысының Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасында экономист болып бастаған. Түрлі салаларда жұмыс істеді. Облыс әкімі аппаратында түрлі лауазымдарды атқарды.

***

Шығыс Қазақстан облысының туризм басқармасын Ержан Сембинов басқаратын болды. 

Е. Сембинов Орталық Азия университетінің түлегі, экономика мамандығы және құқықтану бакалавры біліктілігіне ие. Еңбек жолында орталық мемлекеттік органдардағы қызметтерден бастап, жергілікті атқарушы биліктегі басшылық лауазымдарға дейін түрлі қызметтер атқарған.

***

Шығыс Қазақстан облысы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы болып Нұрсұлтан Маратов тағайындалды. 

Н.Маратов Ақтөбе облысы Темір қаласында дүниеге келген. Ұлыбританиядағы Манчестер университетінде, Нидерландыдағы Лейден университетінде, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі жанындағы Қаржы академиясында және Ресей Сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық академиясында білім алған.

2024 жылдың қыркүйегінен бастап осы уақытқа дейін Өскемен қаласы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді.