Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM — Осы апта еліміздің жергілікті атқарушы органдарында бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.

Бұл аптада Президент ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің директоры лауазымына Нұржан Құсайыновты тағайындады. Бұған дейін ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қосу арқылы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) қайта ұйымдастырылады.

Сондай-ақ, Президент Әкімшілігінің келісімімен және Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Айжан Серікбайқызы Есмағамбетова Жамбыл облысы әкімінің орынбасары (әлеуметтік жұмыс бойынша) болып тағайындалды.

Айжан Серікбайқызы 1972 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары. 1997 жылы Қазақ мемлекеттік медицина университетін «Санитария, гигиена және эпидемиология», 2005 жылы «ҚДСЖМ» Қазақстандық медицина университетін «Қоғамдық денсаулық сақтау» және 2008 жылы Almaty Management University-ін «Денсаулық сақтау менеджменті» мамандығы мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1990 жылы Алматы қаласы № 7 емханасының фельдшер-зертханашысы болып бастаған. Әр жылдары Республикалық санитарлық эпидемиологиялық станциясының эпидемиолог-дәрігері, Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінде жетекші маман, бас маман, сарапшы, басқарма басшы қызметтерін атқарды. Сонымен бірге Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің төрағасы — ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің орынбасары, дәрігері, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігінің бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің орынбасары — эпидемиологиялық қадағалау департаментінің директоры, Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің бөлім басшысы болып еңбек етті. Денсаулық сақтау министрлігінің Стратегиялық даму және қоғамдық денсаулық сақтау, Қоғамдық денсаулық сақтау саясаты департаменттерінің директоры, сондай-ақ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы, Денсаулық сақтау вице-министрі, Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері болды.
2024 жылғы шілде айынан бастап ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК Басқарма төрағасы лауазымында қызмет атқарып келді.

Солтүстік Қазақстан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы болып өңір басшысының өкімімен Ерболат Бекшенов тағайындалды. Осы тағайындауға дейін Қызылжар су қоймаларында директор болып қызмет етті.

Ерболат Бекшенов 1973 жылы туған, Орталық Азия университетiн экономист мамандығы бойынша бiтiрген. Еңбек жолын «Бекшенов» шаруа-фермерлiк қожалығы басшысының орынбасары болып бастады. «Ет» ЖШС-де маркетинг бөлiмiнiң меңгерушiсi, Тайынша ауданындағы Донецк ауылдық округiнiң әкiмi, Мәмлүт қаласы әкiмiнiң орынбасары, Мәмлүт ауданы әкiмiнiң орынбасары қызметтерiн атқарды. Сондай-ақ СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы, Айыртау ауданының әкімі лауазымдарын атқарған.

Сонымен бірге, «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамының директорлар кеңесінің шешімімен басқарма төрағасы болып Өтелбаева Шолпан Әнуарбекқызы сайланды

Шолпан Өтелбаева Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің түлегі. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясында және Пенсильвания университетінде (АҚШ) оқыды. Еңбек жолын ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінде бөлім бастығы болып бастады (2004-2009 жылдар). 2009 жылдың қыркүйегінен 2010 жылдың наурызына дейін ҚР Қаржы министрлігінің Инвестициялық жобалар басқармасының бастығы болып жұмыс істеді.
2010-2017 жылдары — «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрағасының орынбасары. 2017-2019 жылдары — «Қаржы орталығы» АҚ вице-президенті. 2021 жылы — «Ұлттық дене шынықтыру ғылыми-практикалық орталығы» РМК вице-президенті. 2022 жылдың тамызынан 2024 жылдың тамызына дейін — «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамының президенті болған.

«Ертіс» клубының спорт директоры қызметіне Константин Горовенко тағайындалды.

Оны қазақстандық футбол жанкүйерлеріне «Қайрат», «Қайнар», «Жеңіс», «Алма-Ата», «Сұңқар», «Мегаспорт» сынды клубтары және Қазақстан құрамасының ойыншысы ретінде жақсы таниды. Бапкерлік мансабында «Сұңқар», «Жетісу», «Шахтер», «Атырау» және «Каспий» клубтарына басшылық жасады.
Сондай-ақ «Қайраттың» жастар командасымен 2017 жылы Қазақстан Бірінші лигасының қола жүлдегері болды. 2021 жылы «Мақтаарал» командасымен Бірінші лиганың күміс жүлдесіне қол жеткізіп, Премьер-лигаға жолдама алды. Ол биыл «Атырау» командасында бас бапкер болды. Команданың көрсеткішінің төмен болуына байланысты аталған қызметінен кетуге мәжбүр болды.

Ал «Ордабасы» клубының спорт директоры лауазымына Таңат Нөсербаев тағайындалды.

Таңат Нөсербаев — Оңтүстік футбол мектебінің түлегі. Футболшы кәсіби мансабын аталған клубтың фарм-командасынан бастаған. Кейін 2011 жылдан бастап ел біріншілігіндегі «Локоматив» командасында доп тепті. Артынша клубтың атауы «Астанаға» ауысты. Нөсербаев 2013 жылы елордалықтардың капитаны болды. Елордалық команда сапында үш дүркін ел чемпионы атанып, бір рет Қазақстан Кубогын иеленген.

2017-2018 жылдары қайтадан «Ордабасы» командасында доп тепті. 2018 жылы «Тобыл» командасына жалға берілді. Бір жылдан соң «Оқжетпес» жейдесінде өнер көрсетті. 2008 жылы 11 қазан күні «Уэмблиде» Англияға қарсы тұңғыш рет Қазақстан құрамасы сапында алаңға шықты. 2009 жылы 10 маусым күні сырт алаңда Украина қақпасына бірінші голын соқты. Бұл екі ойын да 2010 жылғы әлем чемпионатына іріктеу турнирі аясындағы кездесу болатын. 2014 жылы 12 тамыз күні Алматыда Тәжікстанға қарсы жолдастық кездесуде капитан ретінде алаңға шықты. Ал 2017 жылы 10 маусым күні Алматыдағы Данияға қарсы 2018 жылғы әлем чемпионатына іріктеу аясындағы ойында соңғы рет құрама сапында алаңға шықты.