Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

АСТАНА. KAZINFORM — Осы апта ішінде Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесі мен өңірлерінде бірқатар кадрлық өзгерістер болды. Kazinform осы аптадағы негізгі тағайындауларға шолу жасайды. 

Фото: Gov.kz

ҚР Туризм және спорт министрлігі жанындағы өңірлік басқарма басшыларын тағайындау жөніндегі комиссияның шешімімен Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы лауазымына Нұркен Нұратов келді.

Нұркен Нұратов Қазақ спорт және туризм академиясын «дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша тәмамдап, осы бағытта педагогика ғылымдарының магистрі дәрежесін алған. Ол өзінің еңбек жолын 2007 жылы бастап, әр жылдары дзюдо бойынша жаттықтырушы, Орталық спорт клубының спорт комитеті филиалында жаттықтырушы-оқытушы, сондай-ақ № 9 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде стендтік ату бойынша жаттықтырушы болып қызмет етті. Сонымен қатар маман Астана қаласы Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты гандбол клубында жаттықтырушы ретінде тәжірибе жинақтаған.

Тәжірибелі кадр басшылық лауазымдарда да жемісті еңбек етіп, Алматы облысындағы «Жетісу-Сұңқар» кәсіби футбол клубы директорының орынбасары, Қапшағай қаласындағы облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, сондай-ақ облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің басшысы қызметтерін абыроймен атқарды.
Қарағанды облысындағы жаңа қызметіне тағайындалғанға дейін ол Алматы облысының Олимпиадалық резервтерді даярлау орталығын басқарып келген болатын.

Жамбыл облысында да кадрлық өзгерістер болды. Тараз қаласы әкімінің орынбасары лауазымына Дамир Жаманбаев тағайындалды. Қала әкімінің 2026 жылғы 28 сәуірдегі өкімімен жаңа қызметіне кіріскен ол бұдан былай шаһардағы коммуналдық шаруашылық, көгалдандыру, көлік, тұрғын үй және жер қатынастары, сондай-ақ құрылыс пен сәулет сұрақтарына жетекшілік ететін болады.

Дамир Исмаилбекұлы 1985 жылы Жамбыл облысы Жуалы ауданында дүниеге келген. Ол 2009 жылы Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетін «Кәсіптік оқыту» мамандығы бойынша, ал 2011 жылы Тараз техникалық институтын «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс технологиясы» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Тәжірибелі маман өзінің еңбек жолын 2012 жылы Жамбыл ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінде іс қағаздарын жүргізу жөніндегі инспектор болып бастап, кейін осы бөлімнің бас маманы қызметіне жоғарылаған. Ол мемлекеттік қызметтегі кәсіби біліктілігін Қордай, Талас және Жамбыл аудандары әкімдіктерінде сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы ретінде шыңдады. Дамир Жаманбаев 2024 жылдан бастап бүгінгі тағайындауға дейін Тараз қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімін басқарып, шаһардың инфрақұрылымдық дамуына тікелей атсалысып келді.

Сайлау қорытындысы бойынша Талғар қаласының әкімі болып Нұрхан Әділхан Лесханұлы сайланды. Бұл туралы Талғар ауданының әкімдігі хабарлады.

Әділхан Нұрхан 1981 жылы 23 желтоқсанда Жамбыл облысы, Тараз қаласында дүниеге келген. Білімі жоғары. М. Х. Дулати атындағы Тараз университетін «құқықтану», сондай-ақ «қаржы және экономика» мамандықтары бойынша тәмамдаған.

Әр жылдары Жамбыл облысы бойынша экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес органдарында, Талғар аудандық Әділет басқармасында, Алматы облысы Әділет департаментінде басшылық қызметтер атқарған. Сонымен қатар мемлекеттік және жеке секторда жауапты лауазымдарда еңбек еткен.

Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысында ҚР Сауда және интеграция министрлігі аппараты басшысының бұйрығымен Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы лауазымына Ғалымжан Ильясов тағайындалды.

Ғалымжан Молдабайұлы 1970 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Оның білім жолы К. И. Скрябин атындағы Мәскеу мемлекеттік ветеринарлық медицина және биотехнология академиясымен («Зоотехния» мамандығы), сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетімен («Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы) тығыз байланысты.

Жаңа басшының еңбек өтілі мемлекеттік басқарудың түрлі деңгейлерін қамтиды. Ол өзінің кәсіби жолын Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданының жастар ісі, туризм және спорт бөлімінде бас маман ретінде бастап, кейін осы бөлімнің тізгінін ұстады.

Тәжірибелі кадр әр жылдары ауылдық округ және аудан әкімі, облыс әкімі аппаратының бас инспекторы секілді жауапты қызметтерді атқарып, өңірлік даму мәселелеріне қанықты. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары және Шымкент қаласының жайлы қалалық ортаны дамыту басқармасының басшысы лауазымдарында жемісті еңбек етті.

Ғалымжан Ильясов Солтүстік Қазақстан облысына келгенге дейін Астана қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментін басқарып, сауда саясаты мен тұтынушылар мүддесін қорғау бағытында мол тәжірибе жинақтаған.

Ал Энергетика министрлігінде Мұнай өндіру және игеру департаментінің директоры тағайындалды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлаған болатын.

Әлібек Әбілов 1989 жылы дүниеге келген. 2011 жылы University of Tulsa университетін «Мұнай инженериясы (Мұнай ісі)» мамандығы бойынша, 2013 жылы Қарағанды экономикалық университетін «Қаржы» мамандығы бойынша, 2021 жылы РФ Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясын «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын АҚШ-тың Талса қаласында орналасқан «Marjo Operating» LLC (ЖШС) компаниясында мұнай барлау жөніндегі штаттан тыс маман лауазымында бастаған.

Әр жылдары KMG Rompetrol (Бухарест қ.), «ҚазМұнайГаз» АҚ, «SONI Masterplan» (Romariculture) Srl (Румыния) компанияларында жұмыс істеген, сондай-ақ «Самұрық-Қазына Өңдеу» ЖШС активтерді басқару департаментінің директоры қызметін атқарған.

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен және Ішкі істер министрінің бұйрығына сәйкес ҚР ІІМ Ұлттық ұланында бірқатар стратегиялық тағайындаулар жүзеге асырылды. Ішкі істер министрінің орынбасары — Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, генерал-майор Аңсаған Балтабеков жаңа басшыларды жеке құрамға таныстырды.

Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары лауазымына генерал-майор Бекайдар Қазкеев тағайындалды.

 Ол құқықтық тәртіп әскерлері жүйесінде 1991 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан мол тәжірибелі офицер. Өз қызмет жолында түрлі жауапты лауазымдарды абыроймен атқарып, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған. 2023 жылдан бастап бүгінгі тағайындауға дейін Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығын басқарған болатын.

Сонымен қатар «Орталық» өңірлік қолбасшылығының тізгіні полковник Нұрлан Мұхамедовке сеніп тапсырылды. 1996 жылдан бері Ұлттық ұлан қатарында әскери қызмет атқарып келе жатқан ол ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері. Нұрлан Мұхамедов әр жылдары жедел басқару және қолбасшылық саласында үлкен тәжірибе жинақтаған. Ол 2021 жылдан бері Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының Жауынгерлік дайындық Бас басқармасын басқарып келді.

Өңірлік деңгейдегі тағы бір тағайындау «Батыс» өңірлік қолбасшылығында тіркелген, оның қолбасшысы болып полковник Нариман Акбаров бекітілді. Ұлттық ұлан жүйесінде 1994 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан білікті басшы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған. Ол осы қызметке дейін, яғни 2022 жылдан бастап аталған өңірлік қолбасшылық қолбасшысының бірінші орынбасары — штаб бастығы лауазымында әскери даярлық пен тәртіптің нығаюына тікелей атсалысты.

Сонымен қатар, апта соңында Үкімет құрамында да кадрлық өзгеріс орын алып, Ербол Тасжүреков Ауыл шаруашылығы вице-министрі қызметінен босатылды. Ол бұл лауазымға Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 2023 жылдың 15 ақпанында тағайындалған болатын.

Ербол Қуанышұлы 1979 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. Ол М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін және ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған. Сондай-ақ, білікті маман Францияның әйгілі Ұлттық әкімшілік мектебінде (ENA) білім алып, халықаралық деңгейдегі басқару тәжірибесін меңгерген.

Еңбек жолын 1998 жылы жеке секторда менеджер болып бастап, 2007-2013 жылдар аралығында сот жүйесінде қызмет етті. Мемлекеттік басқару саласындағы мансабы Өңірлік даму министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігіндегі басшылық лауазымдармен жалғасты. Атап айтқанда, ол өңірлік саясат, инвестициялар тарту және кәсіпкерлікті реттеу бағыттарында жемісті еңбек етті.
Ербол Тасжүреков әр жылдары Инвестициялар комитеті төрағасының орынбасары, Шымкент қаласы мен Түркістан облысы әкімінің орынбасары секілді жауапты қызметтерді атқарды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласына келмес бұрын «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарушы директоры — Басқарма мүшесі ретінде аграрлық сектордың қаржылық-инвестициялық мәселелерімен айналысқан болатын.

Қазақстанның табиғи ресурстарды басқару саласындағы беделі артып, отандық маман БҰҰ-ның жоғары құрылымына сайланды. 2026 жылғы 28 сәуірде Женева қаласында өткен «Ресурстарды басқару апталығы» аясында «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Фархат Абытов БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының Ресурстарды басқару жөніндегі бюросының вице-төрағасы болып сайланды.

Фархат Абытов қызмет ететін БҰҰ ЕЭК-тің Ресурстарды басқару жөніндегі бюросы — табиғи ресурстарды тұрақты басқару саласындағы жаһандық күн тәртібі қалыптасатын БҰҰ-ның маңызды алаңы. Бюро БҰҰ аясында 56 елдің сарапшыларын біріктіріп, энергетикалық көшу жағдайында жауапты жер қойнауын пайдалану және шикізаттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жаһандық шешімдер әзірлейді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, бюроның вице-төрағасы қызметі қоғамдық негізде жүзеге асырылады және сараптамалық-консультативтік сипатқа ие