Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM — Осы апта еліміздің жергілікті атқарушы органдарында бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.

Мемлекет басшысының өкімімен Арман Исетов Сыртқы істер министрінің орынбасары лауазымына тағайындалды
1975 жылғы 17 желтоқсанда Қостанай облысында дүниеге келген.

1998 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.

Өзінің дипломатиялық қызметін 1998 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде Шарт-құқықтық басқармасының референті ретінде бастады.
1999-2004 жылдары ҚР СІМ Халықаралық-құқықтық департаментінде түрлі лауазымдарда жұмыс істеді.

2004 жылдан 2008 жылға дейін — Нью-Йорктегі Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінің бірінші хатшысы, ал 2008-2009 жылдары ҚР СІМ Көпжақты ынтымақтастық департаментінде басқарма бастығы қызметін атқарды.

2009 жылы СІМ Халықаралық-құқықтық департаменті директорының орынбасары болып тағайындалды, ал 2012 жылы осы департаментті басқарды.
2018-2022 жылдары — Нью-Йорк қаласында БҰҰ жанындағы ҚР Тұрақты өкілінің бірінші орынбасары.

Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалғанға дейін 2022 жылғы сәуірден бастап Таиландтағы ҚР Елшісі лауазымын атқарды.
І сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломатиялық дәрежеге ие. Ағылшын және түрік тілдерін меңгерген.

Апта басында Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұрлан Сауранбаев Көлік министрі лауазымына тағайындалды

Нұрлан Сауранбаев 1967 жылы Жамбыл қаласында туған. С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, Мұнай өнеркәсібін оқыту орталығын (Италия) бітірген. Мамандығы бойынша экономист, мұнай әкімшілендіру магистрі.

Еңбек жолын 1991 жылы жеке коммерциялық компанияның басшысы болып бастаған, онда 1997 жылға дейін жұмыс істеді.

1997-1998 жж. — ҚР Кәсіпкерлер конгресінің атқарушы директоры.

1998-2000 жж. — «Қазақстан темір жолы» РМК департаментінің директоры.

2000-2002 жж. — «Қазақойл» ҰМК» ЖАҚ «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ААҚ-ның бірінші вице-президенті; бас менеджері, қайта құру жобасын басқару тобының жетекшісі.

2002-2004 жж. — «ҚазМұнайГаз» ҰК» ЖАҚ Инжинирингтік және сервистік жобалар департаментінің директоры.
2004-2007 жж. — «ТеңізСервис» ЖШС бас директоры.
2007-2020 жж. — «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарушы директоры.
2010-2011 жж. — «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы орынбасарының кеңесшісі; басқарушы директоры.
2011-2014 жж. — Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі.
2014-2016 жж. — Қорғаныс министрінің орынбасары.
2016-2017 жж. — ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін дайындау және өткізу мәселелері жөніндегі штабтың ұйымдастыру комитетінің басшысы.
2017-2018 жж. — Шымкент қаласының әкімі.

2019 жылдан бастап Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі болды.

2021 жылы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалады.

Елімізде алғаш рет Жаңа кассациялық соттардың төрағалары мен судьялары тағайындалды

Мемлекет басшысының Жарлығымен:
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот төрағасы — Смайылов Асқар Спартакұлы және 37 судья;
Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот төрағасы — Жұмағұлов Ақан Маратұлы және 20 судья;
Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот төрағасы — Нәжімиденов Берік Төлеутайұлы және 18 судья.
Сот әкімшілігі басшысының Өкімімен:
Кассациялық соттар департаментінің басшысы болып Қожахметов Ержан Қайроллаұлы тағайындалды.
Астана қаласындағы кассациялық соттардың мекенжайлары:
Азаматтық және қылмыстық істер бойынша — Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі, 37;
Әкімшілік істер бойынша — Астана қаласы, Төле би көшесі, 53.

Сондай-ақ, Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төраға орынбасары болып Ернар Хасенов тағайындалды
Ол Инновациялық Еуразия университетін «Электр энергетикасы» мамандығы бойынша бітірген.

Ернар Мұхтарұлы еңбек жолын 2008 жылы Көлік және коммуникация министрлігінің Павлодар облыстық автомобиль жолдары департаментінің бас маманы болып бастаған.

2010-2014 жылдары Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің сарапшысы, бас сарапшысы, басқарма басшысы болып жұмыс істеді.

2014-2022 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің бас сарапшысы, бас консультанты, бас инспекторы болып қызмет атқарды.
2022-2024 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша аумақтық департаментінің басшысы лауазымын атқарды.

Талғат Алдыбергенов «Қазақстан темір жолы» басқарма төрағасы болып тағайындалды

Талғат Сағиұлы бұған дейін «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарған.

1998-2007 жылдары ол «Қазақстан темір жолы» АҚ құрылымдарында түрлі лауазымдарда, соның ішінде Актөбе филиалының басшысы, «Казтранссервис» директоры, «ҚазМұнайГаз» Сауда үйінің көлік логистикасы департаментінің директоры болып қызмет етті.

2008-2019 жылдары «Кедентранссервис» АҚ президенті, «АвтоГазАлматы» ЖШС бас директоры, «Kazakhmys Maker» ЖШС басқарма төрағасы лауазымдарын атқарды. 2024 жылдан бастап «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

Шығыс Қазақстан облысы Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы болып Данияр Уахитов тағайындалды

Данияр Асқарұлы — С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті мен Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің (магистратура) түлегі.
2006-2023 жылдар аралығында әртүрлі басшылық лауазымдарда қызмет атқарған. Атап айтқанда, «Альянс Финанс» ЖШС, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС, Белоусов байыту фабрикасының бастауыш кәсіподақ ұйымының кәсіподақ комитеті және тау-кен-металлургия кешені қызметкерлерінің облыстық кәсіподақ ұйымында еңбек етті.
Сондай-ақ Ұлан ауданына қарасты Таврия ауылдық округінің әкімі, Қарағанды облысы Нұра кентіндегі Нұра ауданының әкімі қызметтерін атқарған.

2023 жылдан бастап осы күнге дейін Шемонаиха ауданы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді.

Қызылорда облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы лауазымына Сәкен Мырзабек тағайындалды

Сәкен Салхадинұлы 1980 жылы Жалағаш ауданында дүниеге келген. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде бухгалтерлік есеп және аудит мамандығы бойынша білім алған.

Еңбек жолын 2001 жылы Қызылорда облысы бойынша салық комитетінің бөлімінде бас маман ретінде бастаған. Әр жылдары облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы, басқарма басшысы, Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары лауазымдарында абыройлы еңбек етті.
2023 жылдың қазан айынан осы күнге дейін облыстық тексеру комиссиясының мүшесі болды.

Абай облысы ішкі саясат басқармасының басшысы лауазымына Жарқын Жұмаділов тағайындалды

Еңбек жолын журналистика саласында бастаған. «Қазақ радиосында» редактор және жүргізуші, «Алаш айнасы» газетінде саяси шолушы, «Ұлт TIMES» газеті бас редакторының орынбасары, «Қазақстан РТРК» АҚ стратегиялық маркетинг департаментінің шеф редакторы қызметтерін атқарған.

Әр жылдары ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында сарапшы, «Nur Otan» партиясы жанындағы зерттеу институтының ақпараттық мониторинг бөліміне басшылық жасады.

2016-2019 жылдары аралығында БҚО әкімінің баспасөз хатшысы, кеңесшісі және аппарат басшысының орынбасары болып еңбек етті. 

2019-2020 жылдары «Elorda Aqparat» ЖШС директоры қызметін атқарса, 2021-2023 жылдары ҚР Президенті баспасөз қызметінің инспекторы болып жұмыс істеді. 
2023 жылдың мамыр-қыркүйек айларында Абай облысы әкімінің кеңесшісі болды.

2023 жылдың қыркүйек айынан осы уақытқа дейін ҚР Президенті әкімшілігінде сектор меңгерушісі лауазымын атқарды.

Нұркен Қалдыбекұлы Мәзбаев «Ұлытау» футбол клубының бас бапкері болып тағайындалды

Нұркен Мәзбаев қазірге дейін бірқатар қазақстандық клубқа бас бапкер болды. Оған қоса жастар арасындағы футболды дамытуға ерекше көңіл бөлді.
Бас бапкердің көмекшісі ретінде жаттықтырушы Сергей Александрович Пак тағайындалды.