Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

Фото: Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM – Өткен аптада елімізде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды. 11 наурызда Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің өкімімен дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы болып Әділхан Сағындықов тағайындалды.

СҚО әкімдігінің мәліметінше, Әділхан Сырлыбайұлы Шымкент қаласының тумасы. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін және Қазақ гуманитарлық-заң университетін «Экономика және менеджмент», «Құқықтану» мамандықтары бойынша бітірген.

Әр жылдары Штаттық ұлттық спорт резерві командалары дирекциясының таеквондодан мемлекеттік жаттықтырушысы, Астана әкімдігінің туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары және басшысы болды.

Осы тағайындауға дейін Қазақстан таеквондо Федерациясының Бас хатшысы қызметін атқарды.

СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы үш айдан артық басшысыз болды. 

Сейсенбі Мемлекет басшысының өкімімен Қанат Құлшыманов Президент Әкімшілігі Коммуникациялар бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. 

Қанат Құлшыманов Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-ды журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. PhD докторы ғылыми дәрежесі бар.

Еңбек жолын 2007 жылы «Қазақпарат» ақпарат агенттігінің тілшісі болып бастады. Әр жылдары Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз хатшысы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қоғаммен байланыс департаментінің директоры, Жамбыл облысының әкімі аппараты басшысының орынбасары болып жұмыс істеді.
2021 жылғы маусымда «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Баспасөз қызметінің басшысы болды.

ҚР Премьер-Министрі баспасөз қызметінің басшысы (04.2022-02.2023); ҚР Үкіметі баспасөз қызметінің басшысы (02.2023-03.2024); ҚР Президенті Әкімшілігінің коммуникациялар бөлімі меңгерушісінің орынбасары (03.2024-11.03.2025); ҚР Президенті Әкімшілігі коммуникациялар бөлімінің меңгерушісі (11.03.2025 бастап).

11 наурыз күні ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева 11 наурызда танымал театр қайраткері Александр Совостьяновты «Астана Опера» басшысы етіп тағайындады.  

Театрдың баспасөз қызметі хабарлағандай, Александр Совостьяновтың есімі театр тарихымен тығыз байланысты.

2013 жылы «Астана Опера» театры құрылғанда ол оның бастауында болып, директордың орынбасары қызметін атқарды. Одан кейінгі жылдары «Астана Балет» театрын ойдағыдай басқарып, оның халықаралық аренадағы орнын нығайтты. Өнер және медиа саласындағы мол басқарушылық тәжірибесінің арқасында ол өзін білікті басшы әрі стратег ретінде көрсетті.

Ұжымға алғашқы үндеуінде Александр Совостьянов репертуарды кеңейтуге және халықаралық ынтымақтастықты ұлғайтуға айрықша көңіл бөліп, «Астана Операның» театрлық дәстүрлерін дамытуды жалғастыратынын атап өтті. Сондай-ақ ол жас дарындарды қолдау және көрермендер аудиториясын кеңейту жұмыстың басым бағыттарының бірі екенін айтты.

- 2013 жылдан 2019 жылға дейін «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында директордың байланыс және маркетинг жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.

- 2019 жылы «Астана Балет» театрының директоры болып тағайындалып, онда алты жыл еңбек етті.

- Медиа-индустрияда, оның ішінде «Нұр Медиа» холдингінде, Эра ТВ телеарнасында (жетінші арна) және Астана телеарнасының құрамына кіретін Үлкендерге арналған радио компаниясында жұмыс істеді.

12 наурызда Солтүстік Қазақстан облысы Әділет департаментінің басшысы болып Естай Рашқалиев тағайындалды. 

Естай Рашқалиев 2008 жылдан бастап әділет органдарында қызмет атқарып келеді. Бұған дейін Батыс Қазақстан облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары лауазымын атқарған. Сот және құқықтық жүйеде мол тәжірибесі бар.

Сәрсенбіде Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Рахымжан Мырзаханұлы Ділдаев Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі қызметіне тағайындалды. 

Худияров Ғалымжан Батырханұлы – Түркістан қаласында 1983 жылы дүниеге келген. Ол 2000-2004 жылдары Қ.А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде «Дене тәрбиесінің мұғалімі және жаттықтырушысы» мамандығы бойынша білім алды. Педагогика және психология магистрі, 2010 жылы педагогика ғылымдарының кандидаты болды.

Еңбек жолын 2005-2006 жылдары Ә.Нұрмаханов атындағы ОБЖСМ самбо күресінен жаттықтырушы болып бастады.

2006-2012 жылдары Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ «Дене шынықтыру және спорт» кафедрасының оқытушысы, 2012-2014 жылдары Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың «Спорт және өнер» факультетінің ғылым және тәрбие ісі жөніндегі декан орынбасары қызметтерін атқарды.

2014-2019 жылдары Түркістан қалалық су спорты кешенінің меңгерушісі, 2019 жылы Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты «Орталық су-спорт кешені» МКҚК-нің директоры болды.

2021 жылдан бастап Түркістан қаласының VII-VIII шақырылым мәслихаттарының депутаты болса, 2025 жылдың басынан бүгінгі күнге дейін Түркістан облыстық «Олимпиада резервін даярлау орталығының» директоры қызметін атқарып келді.

Бейсенбі күні Қазақстан Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен Болат Төкежанов министрлік аппаратының басшысы қызметіне тағайындалды. 

Болат Төкежанов Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітірген.

Еңбек жолын 1989 жылы ШҚО Ұлан ауданы «Обуховский» совхозының жұмысшысы болып бастаған.

1994 -1996 жылдары — Шығыс Қазақстан облыстық салық инспекциясы сыртқы экономикалық қызмет бөлімінің салық инспекторы, бірлескен шетелдік кәсіпорындарға салық салу секторының аға инспекторы.

1996 -1999 жылдары — Міндетті медициналық сақтандыру қоры Шығыс Қазақстан облыстық бөлімі қаржы-экономикалық бөлімінің жетекші маманы, қаржы басқармасы басшысы–директорының орынбасары.

1999 - 2000 жылдары — Медициналық қызметтерге ақы төлеу орталығы Шығыс Қазақстан облыстық бөлімшесінде ақпараттық-техникалық бөлім бастығы, директоры.

2001–2003 жылдары — ШҚО «Ақпараттық-медициналық орталығы» ММ директоры.

2003 жылдан 2013 жылға дейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің құрылымында басшылық лауазымда жұмыс істеді.

2013 - 2014 жылдары — ҚР денсаулық сақтау вице-министрі.

2014 - 2017 жылдары — «ҚР Денсаулық сақтау секторында технологияларды беру және институционалдық реформаны жүргізу» жобасының ұлттық үйлестірушісі.

2017- 2019 жылдары — ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы.

2019 - 2020 жылдары — ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Дүниежүзілік банктің «Әлеуметтік медициналық сақтандыру» жобасының ұлттық үйлестірушісі.

2020 - 2022 жылдары — «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы.

2022 - 2023 жылдары — Ғылым және жоғары білім министрлігі аппаратының басшысы.

2023 жылғы желтоқсаннан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аппаратының басшысы болды.

13 наурыз күні Әділет министрінің бұйрығымен Мақсат Қантбекұлы Балабеков ведомствоның Мәжбүрлеп орындату комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды. 

Мақсат Қантбекұлы 1982 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген.

М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін, М.С. Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық-заң университетін, Ноттингем университетін (Ұлыбритания) бітірген.

Еңбек жолын 2003 жылы қаржы ұйымында жеке және заңды тұлғаларға қызмет көрсету жөніндегі маман болып бастаған.

2005–2012 жылдары жеке қаржы ұйымдарында жұмыс істеді.

2012–2018 жылдары — сарапшы, ҚР Әділет министрлігі Халықаралық шарттарды сараптау департаментінде сарапшы, басқарма басшысы.

2018–2019 жылдары — ҚР әділет министрінің кеңесшісі.

2019–2023 жылдары — ҚР Әділет министрлігі Нормативтік құқықтық актілерді тіркеу департаменті директорының орынбасары, директоры.

2023 жылғы маусымнан бастап қазіргі уақытқа дейін — ҚР Әділет министрлігі Заңға тәуелді актілер департаментінің директоры болды.