-Қазақстан үшін жер – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық ресурс. Қазіргі таңда айналымда 117,7 млн гектар жер бар. Оның ішінде 26,5 млн гектары – егістік, 83,9 млн гектары – жайылым, 2,4 млн гектары – шабындық және 4,9 млн гектары өзге санаттағы жерлер. Табиғи және антропогендік факторлардың әсерінен жердің тозу қаупі әлі де сақталып отыр.
Осы мәселені жүйелі түрде шешу үшін мемлекет бірқатар кешенді шараны жүзеге асырып жатыр. Соның ішінде БҰҰ-ның Шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі конвенциясы аясында жердің тозуын бейтараптандыру көрсеткіштеріне қол жеткізу бағытындағы жұмыстар жүргізілу үстінде, – деді Айдарбек Сапаров алғы сөзінде.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов жер сапасын бақылау жүйесін реформалау нәтижелері туралы мәлімдеді.
Атап өткеніндей, аудиттің жаңа стандарттарына көшу аясында «ЖерЗЖЖМИ» мамандары 53,5 млн гектар аумақтағы жердің тозу карталарын жаңартқан. Зерттелген аумақтардағы нақты тозған жер көлемі 2,7 млн гектарды немесе шамамен 5%-ды құрайды. Барлық 182 млн гектар ауыл шаруашылығы алқаптарына мониторинг жүргізу жұмыстары 2029 жылға дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.
Елдің басты байлығын қорғаудағы маңызды қадамдардың бірі – қазіргі таңда Парламент Мәжілісінде қаралып жатқан «Топырақты қорғау туралы» заң жобасы. Құжатта ауыл шаруашылығы жерлеріне әр 3–5 жыл сайын міндетті агрохимиялық зерттеу жүргізу, жер учаскелерін беру кезінде топырақтың сапалық сипаттамалары көрсетілген міндетті «жер паспорты» жүйесін енгізу, сондай-ақ жер комиссиялары мен конкурстық рәсімдердің жұмысын толық цифрлық онлайн форматқа көшіру көзделген.
Осыған дейін топырақтың құнарлығы туралы мәліметтер бірыңғай базаға енгізілетіні туралы жаздық.