Қазақстанда әр он баланың жетеуінде тісжегі диагнозы анықталған
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде 12 жастағы балалардың 78 пайызында тісжегі бар. Бұл — тексерілген әр он баланың жетеуіне тісжегі диагнозы қойылады деген сөз. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына жолдаған жауабынан мәлім болды.
Тісжегі ауруларының ерте жастан алдын алу үшін Денсаулық сақтау министрлігі арнайы жол картасын бекіткен болатын. 2024 жылы қыркүйекте 2028 жылға дейін жоспарланған «Болашаққа — сау тіспен» жобасы іске аса бастады. Бағдарлама аясында мыңнан астам оқушысы бар мектептерде стоматологиялық кабинеттер ашылуы керек.
Министрлік мәліметінше, 2024 жылы қаржыландыру тетіктері пысықталған. Ал 2025 жылы 195 стоматологиялық кабинет ашу жоспарланған. Дегенмен, былтыр оқу ордаларында тек 125 кабинет іске қосылды. Қалған 70 кабинет қаржы тапшылығына байланысты биылға шегеріліпті. Ашылған емдеу бөлмелерінің 76-сы қалада, 49-ы ауылдық мектептерде жұмыс істейді.
— Өңірлерде ашылмай қалған 70 стоматологиялық кабинет 2026 жылдың жоспарына енгізілді. Жоспарға сәйкес, осы жылдың төртінші тоқсанында 255 кабинет ашу көзделген. Оның ішінде 2025 жылы іске қосылмаған нысандарды қоса есептегенде, барлығы 325 стоматологиялық кабинет пайдалануға беріледі. Жол картасында кабинеттерді кезең-кезеңімен ашу міндеті қарастырылған. Қазіргі уақытта өңірлерде бұл бағыттағы қаржыландыру мәселелері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп шешіліп жатыр, — делінген министрлік жауабында.
Әр мектепте ашылған стоматологиялық кабинет қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған. Кейін жақын маңдағы емханалардан арнайы стоматолог мамандар бекітілген. Осы ретте Астана қаласына қарасты № 69 мектеп-гимназияда ашылған стоматологиялық кабинеттің жұмысымен таныстық.
— Стоматологиялық кабинет 2025 жылдың қазан айынан бастап жұмыс істейді. Күн сайын түске дейін орта есеппен 10–15 оқушыдан қабылдаймыз. Бұл кабинет № 12 емханаға қарайды, қызмет көрсетуді осы емхана жүзеге асырады. Сонымен қатар, айына 2–3 рет белгіленген кестеге сәйкес барлық дәрігерлердің қатысуымен кешенді медициналық тексеру өткізіледі. Балалар арасында ауыз қуысы гигиенасы бойынша түсіндіру жұмыстары да жүргізіледі. Тісті дұрыс тазалау және аурулардың алдын алу мақсатында ақпараттық парақшалар таратылып, оқыту жұмыстары ұйымдастырылады, — дейді стоматолог Нияра Сегізбаева.
Сала мамандарының мәліметінше, 18 жасқа дейінгі балаларға стоматологиялық қызмет тегін көрсетіледі. Қазіргі уақытта мектептегі кабинеттер тек алғашқы көмек көрсетуге бағытталған. Кей оқушыларда тіс аурулары асқынған жағдайда арнайы жолдама беріліп, олар емханаға жіберіледі. Алдағы уақытта қажетті дәрі-дәрмектер жеткізіліп, оқушылар мектептен шықпай-ақ толық ем қабылдай алатын жағдай жасалмақ.
Осы тұста ата-аналардың да ой-пікірін білдік. Олар жобаны «өте қолайлы» деп бағалайды. Сабақ кезінде баланың тісі ауырып, мазасызданса, стоматологке бара алады. Ал баланы қарамас бұрын дәрігер ата-анасының келісімін алады.
— Өткенде қызымның сабақ кезінде тісі ауырып, мектептегі стоматологиялық кабинетте тексеруден өтті. Дәрігерлер оған кеңес берді. Тісті қалай күту керектігін түсіндірді. Қазір қызым үнемі тексеруден өтіп тұрады. Мектептегі стоматологиялық қызмет ата-аналар үшін ыңғайлы. Балаларды тіс дәрігеріне жазудың қажеті жоқ. Кезек күтіп, уақыт алмайды. Стоматолог маман асқынған жағдайда емханаға жолдама береді. Жолдама арқылы кезексіз қабылданады, — дейді Бану Мұстафақызы.
Мамандардың пікірінше, жол картасы сәтті жүзеге асса, тісжегісі бар балалар саны азайып, болашақта стоматологиялық қызметке түсетін жүктеме де азаймақ.
Еске сала кетейік, Денсаулық министрлігі алдағы екі жылда 17 өңірде 49 жаңа бейінді бөлімше ашпақ.