«Әр түрлі мәселелер бойынша ауылдық жерлерге жиі барамыз. Біз онда МӘМС бойынша мәселені көтердік, өйткені ауылдардағы адамдардың көпшілігінде тұрақты табыс жоқ, олар аударым жасамайды. Олар тіпті флюорографиядан өтпейді, терапевтен дәрі-дәрмек немесе медициналық кеңес ала алмайды, өйткені олар жарна төлеуші емес. Жалпы, Қазақстан бойынша елдің әрбір алтыншы азаматы МӘМС жүйесінде тіркелмеген. Демек, жүйе жұмыс істемейді және сапалы медициналық қызмет алу үшін халықтың сұраныстарына тиісті дәрежеде жауап бермейді деген тұжырым жасадық», - деді Асхат Рахымжанов.
Оның айтуынша, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін минималды аударымдар енгізілсе де, көптеген адамдар жарна төлемейді. Депутат бұл жүйеге көзқарасты қайта қарау керек деп санайды.
«Мысалы, екі апта бұрын МӘМС аударымын төлемейтін адамдар жүгінді. Олардың созылмалы аурулары бар, тегін медициналық дәрі алмайды. Бұл дәрілер МӘМС енгізілгенге дейін беріліп келген. Әрине, адамдар бұл жүйеге наразылық көрсетеді. Біздің партиямыз (ЖСДП) білім мен медицина толығымен тегін болуы керек деп санайды, өйткені дені сау адам мемлекет пен қоғамға пайда әкеледі. Тұрақты табыс болмаса, еңбек нарығы шайқалып тұрған сәтте мемлекет бұл жауапкершілікті толық өз мойнына алуы тиіс», - деп есептейді депутат Асхат Рахымжанов.
Мәжілісмен барлық медициналық сала адамдар үшін барынша ашық болуы керектігін атап өтті.
«Бізде тым көп жабық заттар бар. Адамдар бұл қаражатты не үшін төлейтінін түсінбейді. Бәлкім азаматтар алуға құқылы басқа да қызметтер бар шығар, бірақ оны қалай алу керектігін білмейді. Көптеген аналар 7 жасқа дейінгі баласы ауырғанда дәрілер тегін берілетінін білмейді. Мұны көбірек адамдардың білуіне жағдай жасауымыз керек. МӘМС жүйесінен ат төбеліндей адам ғана пайда көріп отыр. Оны алып тастап, мемлекеттік бюджет есебінен тегін медициналық сала жасау керек. Менің ойымша, мемлекет медицинаны тегін ете алады», - дейді А. Рахымжанов.