«Өкінішке орай, балаларға қатысты зорлық-зомбылық болып тұрады. ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілге келіп түсетін хаттардың 7,5 пайызы балалар құқығының бұзылуына қатысты болып келеді. Соның ішінде зорлық-зомбылық қолдану фактілері бойынша», - деп атап өтті ол.
Оның сөзіне қарағанда, адам құқықтары жөніндегі құзыретті органдар Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілдігімен бірлесе отырып, шетелдік мамандарды тарту арқылы мемлекеттік интернаттық мекемелерде және мектептерде балаларға қатысты озбырлықты анықтау бойынша кешенді зерттеу жасады.
«Ол зерттеуден анықталғаны, балалардың 66,3 пайызы мектепте зорлықпен кезігіп, оған куә болады немесе озбырлыққа қатысы бар болып шығады екен. Соның ішінде 23 пайызы жәбір көретіндіктерін айтқан. 20 пайызы - балалар арасындағы бопсалаудан жапа шексе, 27 пайызы мұғалімдердің қол жүгіртуінен озбырлық көрген», - деді Вячеслав Калюжный.
Орталық басшысының сөзіне қарағанда, балаларға негізінен интернат оқытушылары қол көтереді және оны өздері қалыпты іс санайды.
«Интернаттық мекемелер қызметкерлерінің 40 пайызы мұндай жазалау шараларын қолдайтындықтарын жеткізген», - дейді сарапшы.
Бұл өз кезегінде өз-өзіне қол жұмсау фактілеріне әкеп соқтырады. Интернат тәрбиеленушілерінің 8,5 пайызы өздеріне қол жұмсамақ болған.
«Олардың 75,3 пайызы өздеріне екінші рет қол жұмсағандары да анықталды», - деп түйді сөзін Вячеслав Калюжный.