Бұл туралы онлайн брифинг барысында Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Роза Қуанышбекова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жыл сайын әлемде 20 млн-ға жуық адам жүрек-қан тамыр ауруларынан көз жұмады. Бұл Бейжің, Шанхай, Токио, Дели сияқты ірі мегаполистің халқымен тең. Қазақстандағы жүрек-қан тармырлары ауруларына келер болсақ, жағдай мәз емес. Еліміздің әр 33-ші тұрғынында қан айналым ауру белгісі бар. Әрбір 12-ші адам артериялық гипертониямен ауырады»,- дейді дәрігер.
Оның айтуынша, елдегі 19 млн халықтың 1,5 млн-нан астамы артериялық гипертания бойынша диспансерлік есепте тұр.
«Жүрек-қан тамыр аурулары неліктен белең алып бара жатыр ? Біріншіден, бұл өмір салтының өзгеруімен байланысты. Қазір біз аз қозғалатын болдық. Қозғалыстың аздығы гипомагниемия – бұлшық еттің бұрынғы күшінен, төзімділігінен айырады. Оған қоса денедегі артық салмақта жүрек ауруларына әкеледі. Қазір әлемде халықтың 30-40 пайызы артық салмақтан зардап шегуде. Бұл да алаңдататын фактор», - дейді Роза Тохтанәліқызы.
Дүниежүзілік жүрек федерациясының мәліметінше, инфаркт пен инсульттан болатын ерте өлімнің 80% салауатты өмір салтын ұстану, темекі шегуді, дұрыс тамқтану мен физикалық белсенділікті бақылау арқылы алдын алуға болады.
«Бұрын жүрек-қантамыр аурулары ересек адамдарға тән болған, қазір онымен жастар да, тіптен балалар да ауырып жатыр. Елімізде жүрек-қан тамыр ауруларының алдын алу бойынша скрининктік шаралар өтеді. Одан 40 жастан асқан адамдар өту қажет»,-деді кардиолог.