Қазақстанда ардагерлерге жасалып жатқан қамқорлыққа ризамын - Ескендір Кәрімұлы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда ардагерлерге жасалып жатқан қамқорлыққа ризамын, деді бүгін Астанадағы «Қазақ Елі» алаңында өткен Отан қорғаушы күні мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған әскери парадтан кейін ҰОС ардагері Ескендір Кәрімұлы.

Көпті көрген қария қиын-қыстау замандағы бастан өткен оқиғаларды айтып, өмірден түйгендерімен бөлісті. Сонымен қатар, қаһарман қарт жас ұрпақты елінің патриоты болуға шақырды.

«Ардагерлер назардан тыс қалып жатқан жоқ. Көрсетіліп отырған қолдауы үшін Елбасымызға алғысымды айтамын. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы баршамызға құтты болсын! Ең бастысы, еліміз аман болсын! Соғыстың нәубетін келешек ұрпақ көрмесін!»,-деп тілегін білдірді Ескендір Кәрімұлы.

Бүгінде 89 жасқа жеткен қарт майдангер Үшінші Беларусь майданында жорыққа шыққан, содан кейін Берлинге дейін жетіп, соғыстың аяғына дейін қатысқан. Майданға 1943 жылы Көкшетаудан аттанған ардагер соғыс аяқталғаннан кейін де 1953 жылға дейін әскер қатарында қызмет еткен.