Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарды міндетті лицензиялау 2025 жылғы 1 қаңтарынан бастап енгізілді. Оның негізгі мақсаты — әлеуметтік қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін арттыру, сондай-ақ заңнамада белгіленген бірыңғай талаптардың сақталуын қамтамасыз ету.
Лицензиялау барысында ұйымдардың біліктілік талаптарына сәйкестігі тексеріледі. Атап айтқанда, қауіпсіздік талаптарының орындалуы, ғимараттардың мүгедектігі бар азаматтар үшін қолжетімділігі және қызмет көрсету жағдайларының белгіленген стандарттарға сай болуы бағаланады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, лицензия алған ұйымдардың 451-і — коммуналдық мемлекеттік мекеме, ал 166-сы — үкіметтік емес сектор ұйымдары.
Қазіргі таңда Қазақстанда 104 мыңға жуық адам арнаулы әлеуметтік қызметтерді пайдаланып отыр. Олардың қатарында қарттар, мүгедектігі бар адамдар, белгілі бір тұрғылықты жері жоқ азаматтар, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен адам саудасының құрбандары, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация есебінде тұрған адамдар бар.
Ең көп сұранысқа ие қызмет түрі — үйде көрсетілетін әлеуметтік қызмет. Бүгінде мұндай көмекті 60 мыңнан астам адам алып отыр.
Еске салайық, бұған дейін Астанада әлеуметтік қызмет көрсету көлемі 3,2% артқанын хабарлағанбыз.