Қазақстанда «Ашық аспан-2016» оқу- жаттығуы өтті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің әуе шабуылына қарсы қорғанысы біріккен жүйесінің бірлескен іс-шараларын өткізу жоспарына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында Ресей және Қырғызстан Қарулы Күштерімен өзара іс-қимыл жасауда «Ашық аспан-2016» жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді.

Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.  



Оқу-жаттығудың мақсаты әскери басқару органдарының жауынгерлік дағды деңгейін жетілдіру, ТМД-ға мүше қатысушы мемлекеттердің әуе шабуылына қарсы біріккен жүйесі шеңберінде Әскери-әуе күштері мен Әуе шабуылына қарсы қорғаныс құрамалары мен бөлімдеріндегі жауынгерлік есептоптардың үйлесімділігін жетілдіру болып табылады. Оқу-жаттығу ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы авиация генерал-лейтенанты Нұрлан Орманбетовтің басшылығымен жүргізілді. Оның барысында әуе нысаналарын шартты түрде жою, қағып түсіру, ілесіп жүру және анықтау мәселелері пысықталды. Бұл бірлескен оқу-жаттығуға Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің атынан «Сарыарқа» (Қарағанды қаласы), Балқаш, Шымкент, Ақтау және Талдықорған әуеайлақтарынан ұшып шыққан Су-27, Миг-27, МиГ-29, МиГ-31, Су-25 және Л-39 авиациялары, сондай-ақ толық құрамда Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің күштері мен құралдары тартылды. Құрамалар мен бөлімдердің басқару органдары, жауынгерлік есептоптары оқу-жаттығуға қойылған тапсырмаларды сәтті орындады және барлық межелер айқындалып,  шартты түрде жойылды.