Қазақстанда «Ашық Үкімет» порталын іске қосу жоспарлануда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда "Ашық Үкімет" порталын іске қосу жоспарлануда.

Бұл туралы бүгін xалықаралық конференцияда ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаев мәлім етті.

"Интернетте ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігі бойынша "бірыңғай терезе" ашу жоспарлануда. Ол "Ашық Үкімет" деп аталатын болады. Сол "терезені" басқан әрбір адам өзін қызықтырған ақпаратын ала алады", - деп атап өтті ол.

Оның сөзіне қарағанда, "Ашық Үкімет" аясында тағы төрт портал ашылады.

"Ашық мәліметтер" сайтында мемлекеттік органдарда бар барлық ақпараттар орналасады. Осы порталда ресми статистика мәліметтері де жарияланып тұрмақ.

"Келесі портал - ашық нормативтік-құқықтық актілер сайты. Онда республикалық және аймақтық деңгейде қабылданған барлық нормативтік-құқықтық актілер орналастырылады. Қазіргі уақытта аймақтық деңгейде қабылданған нормативтік құқықтық актілер жарияланбайды. Орталық деңгейде қабылданған актілердің кейбірі де қолжетімсіз", - деп атап өтті депутат.

Қазақстанда ашықтық принциптері бюджетке де енгізілмек. Оның үстіне қазақстандықтар келесі жылдарға арналған бюджетті талқылап, өздерінің ұсыныстарын да енгізе алады. Осы сайтта аймақтық бюджеттер туралы барлық мәліметтер енеді.

Сонымен қатар "Ашық Үкімет" арқылы қазақстандықтар мемлекеттік органдардың жұмысын бағалай алады және бағдарламалық құжаттардың орындалуын бақылауға мүмкіндік туады.

"Осылайша "Ашық Үкімет" бірыңғай терезесі ашады. Ол арқылы мемлекеттік органдар, бюджеттер, нормативтік-құқықтық актілер туралы ақпараттарды пайдаланып, кез келген құжат бойынша өз пікірін жеткізе алады", - деді М. Әшімбаев.