Қазақстанда, әсіресе жергілікті өңірлерде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту өзекті - Е. Әбдіразақов

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда, әсіресе жергілікті өңірлерде әйелдер кәсіпркерлігін дамыту өзекті. Бүгін Астанада «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің «Қазақстан: жаңа мүмкіндіктер» атты ІІ конгресі барысында «Атамекен» ҰКП Төралқа мүшесі, «Centras Capital» ЖШС президенті Елдар Әбдіразақов осылай мәлім етті.

«Соның ішінде мәселен, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту үшін оған нәзікжандылар секілді қадам қажет. Өйткені, ер азаматтарға қарағанда ханымдар ұжымдағы жағдайды жақсы түсіне алады, қызметкерлер арасындағы өзара қарым-қатынасқа да олар мұқият. Әкімшілендіру жағынан алсақ та, әйелдер қауымы бұнда тыңғылықтылығымен ерекшеленеді: олар көбінесе жинақы болып келеді, бәрін аяғына жеткізе жасайды, осы ерекшеліктерді ескеріп, оны дамытуға тиіспіз», - деді Елдар Әбдіразақов.

Бұдан бөлек, Төралқа мүшесі Қазақстанда кәсіпке араласпаған, жұмыссыз әйелдер саны көп екенін айта келе, оларды экономикаға тартудың маңыздылығына тоқталды. «Қазір әйелдерге бала бағып, үйде отыру жеткіліксіз. Бүгінгі әйел белсенді болуы керек, ең бастысы қазір олардың таланты мен мүмкіндіктерін ашуға жағдай жасалуы керек. Осы тұрғыдан алғанда әйелдер қауымы еліміздің іске қосылмаған резервтерін жандандыруда мықты рөл атқара алады», - деді ол.

Сөз арасында Е. Әбдіразақов іскер әйелдер конгресі секілді алаңдар бизнестегі нәзікжандылар үшін керемет мүмкіндік екенін алға тартты. Оның пайымынша, іскер ханымдар өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, бизнестегі жетістіктері туралы сырласу үшін де мұндай алаңдардың маңызы зор.  

Айта кетейік, конгресте Қазақстан экономикасын жандандырудағы әйелдердің рөлі мен әйелдер кәсіпкерлігінің әлеуеті талқылануда. Сонымен бірге, отандық бизнес-ханымдардың жаңа бастамалары мен әйелдер кәсіпкерлігінің мүмкіндіктері, келешегі әңгімеге арқау болып отыр.

«Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанованың айтуынша, бір жылдық жұмысы ішінде іскер әйелдердің 16 өңірлік кеңесі құрылып, ол кеңестерді табысты, іскер әйелдер басқаруда. Аудан орталықтарында да соған ұқсас Кеңестер құрылды. Оның құрамына 700-дей кәсіпкер әйел енгізілген. Іскерлік белсенділік артып, барлық өңірлерде әйелдер басқаратын кәсіпорындар санының артуы байқалады.

«Атамекен» кәсіпкерлікке белсенді қолдау көрсетіп, дамытуда. Бизнеске сервистік қолдау көрсету мен ақпараттық қамтамасыз ету мақсатында әр өңірде Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары мен Кәсіпкерлікті қолдау орталықтары құрылған. Өткен жылы Ұлттық палата 35 мыңнан астам кәсіпкерге сервистік қызмет көрсетсе, оның жартысынан көбі әйел адамдар екен. «Бизнес-мектеп» жобасы бойынша бес мыңнан астам әйел оқытылып, соның нәтижесінде 140-қа жуық стартап іске қосылды», - деді Л.Рамазанова.