Қазақстанда әскери оқу орындарына түсу анағұрлым жеңілдеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда әскери оқу орындарына түсу анағұрлым жеңілдетілді, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен.

«Қабылдаудың барлық қағидаларына құжаттар ресімдеу бойынша өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, аралық сатылар қысқартылып, кәсіби іріктеу кезеңдерінің әділеттігі арттырылды. Енді әскери оқу орындары оқып-үйренушілердің анағұрлым сапалы контингентін іріктей алады», делінген хабарламада.

Қабылдау қағидаларына енгізілген жаңашылдық маңызды және елеулі болып табылады. «Жас ұланды» қоса есептегенде, барлық республикалық әскери мектеп-интернаттарына қабылдау жергілікті әскери басқару органдарынан өтіп барып, 9 сыныптан кейін (10 сыныптан бастап) жүзеге асырылады. Енді байқау ҰБТ тапсыру нәтижелері бойынша ғана емес, кәсіби іріктеудің барлық кезеңдерінен өту қорытындысы бойынша есептелінетін рейтингтік балл арқылы жүргізілетін болады. ҰБТ сертификаттарында таңдау бойынша пәндердің түрлері көбейеді. Атап айтсақ, физика, химия, биология, география, «Әскери іс және қауіпсіздік» тобының барлық мамандықтарына арналған дүниежүзі тарихы.

Бұдан өзге, ғылыми негізде кәсіби-психологиялық іріктеу үшін жаңа тестілер әзірленеді.

Сондай-ақ хабарламада ҚР Қарулы Күштерінің құрылу кезінен бастап әскери кадрларды даярлау мәселелеріне үлкен көңіл бөлініп келе жатқаны айтылған.

«Қолданыстағы әскери оқу орындары білім берудің барлық деңгейлері мен дәрежелерін ұсынуда және сержанттардан бастап офицерлерге дейін әскери мамандарды даярлауды қамтамасыз етеді. Қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін, сондай-ақ қаруланған күрес құралдарының даму үрдісін, әскерлер мен қаруды басқару, заманауи ұрыстар мен қарулы жанжалдарда ақпаратттар рөлінің ұлғаюын ескере отырып, кадрларды даярлау жүйесі ұдайы жетілдіріледі», делінген онда.