Қазақстанда әскери-патриоттық және спорттық-сауықтыру қозғалысы белсенді дамып келеді - ҚР ҚМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі қызметі басым бағыттарының бірі болып табылады.

ҚР ҚК Бас штабы бастығының орынбасары полковник М.Таласов «Нұр Отан» партиясы орталық аппаратында өткен сарапшылар тобының бірлескен отырысында осылай айтты.

Бүгінгі таңда республикада жастардың әскери-патриоттық және спорттық-сауықтыру қозғалыстарын дамытуда белсенді атсалысып келе жатқан көптеген ұйымдар жұмыс істейді. Биыл жастардың 11 мыңнан астам өкілі жас армияшылар бірлестіктері республикалық штабының қолдауымен өткен әскери-патриоттық іс-шараларға қатысқан. Бұл штабтың 2010 жылы құрылғаннан бастап республикалық және өңірлік деңгейлерде 40-тан астам іс-шара өткізгенін атап өткен жөн. Бұл ретте іс-шараға қатысатын жастардың саны 5 жыл ішінде бес есеге артты (2010 жылы - 2635 адам).

Бұдан басқа, бүгінгі таңда 217 жергілікті әскери басқару органының базасында 202 жас армияшылар орталықтары құрылды.

Өңірлерде әскери-қолданбалы спорт түрлерін дамытуды насихаттау жұмысын Әскери-спорттық клубтар федерациясы жүргізіп келеді. 2014 жылы ол 8 мыңға жуық адам қатысқан 10 іс-шара өткізді.

Елбасы тапсырмасына сәйкес әскери-техникалық мектептер базасында 15 өңірлік патриоттық тәрбие орталықтары құрылды. Онда әскери-қолданбалы спорт түрлері мен техникалық шығармашылық бойынша 7-18 жас аралығындағы 1500-ден астам бала мен жасөспірімдер тартылған 25 спорттық секция мен клуб жұмыс істейді.

Соңғы бес жыл ішінде әскери-техникалық мектептер 7 мамандық бойынша 28 мыңнан астам әскери-техникалық маманды тегін даярлап, әскери оқытылған резерв даярлау курсы бойынша 10 мыңнан астам азаматқа ақылы негізде білім берді, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.