«Өздеріңіз білесіздер, бүгінгі көрме Орталық Азиядағы алдыңғы қатарлы шаралардың бірі болып табылады. Осы ретте туристік операторлар, туристік нарықтың мамандары үшін диалог алаңына айналды. Біз Сіздерді осындай шараларға Астанаға келгендеріңіз үшін қуаныштымыз. Атап айтқанда, алдағы жылы Қазақстан ірі екі шараны өткізеді, яғни ЭКСП-2017 көрмесі мен ал ақпанда Алматы қаласында қысқы Универсиада ұйымдастырылады. Бұл тұрғыда біз сіздерді осы атаулы шараларда күтеміз»,-деді ҚР ИДМ Туризм индустриясы департаментінің директоры Марат Несіпқалиұлы.
Атап айтқанда, Astana Leisure Орталық Азиядағы ірі туристік форум болып табылады және жыл сайын өзінің алаңында туристік индустрияның көшбасшыларын, мамандарын жинап келеді. 2015 жылы бұл шараға 25 елден 95 компания қатысқан болатын.
Биылғы жылы Қазақстан, Венгрия, Вьетнам, Германия, Грузия, Үндістан, Қытай, Корея, Ресей, Таиланд, Түркия, Украина және басқа елдерден 100-ден астам компания көрмеде қызметтерін таныстыруда.
Ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда, Қазақстанның барша өңірлерінен ұсынылған туристік ресурстар еліміздің бұл саладағы әлеуетін насихаттауға мүмкіндік беріп отыр.
Көрме аясында отандық және шетелдік компаниялар арасында көптеген келіссөздер өткізілуде. Сонымен қатар Қазақстанда осы саланы дамыту бағытында арнайы семинарлар мен кеңестер ұйымдастрылуда.
Айта кетейік, көрме жұмысы қазанның 1-не дейін жалғасады.