Қазақстанда астықтың жалпы көлемі 22 млн. тоннаны құрайды - болжам

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанда астықтың жалпы көлемі 22 млн. тоннаны құрайды деп болжауда. Бұл туралы бүгін ведомство вице-министрі Қайрат Айтуғанов мәлім етті.

«Алдын ала мәліметтер бойынша, астықтың жалпы көлемі 22 млн. тоннадан асады деп болжанып отыр», - деді ол ҚР АШМ өткен брифингте.

Дегенмен оның атап өтуінше, биыл астықтың сапасы төмен. Себебі маусым мен шілде айларында жауған жаңбырдың кесірінен астықтың пісуіне кедергі келтірді, бидай дәндері бүлінді, сондай-ақ егінді далада арамшөптердің көптеп шығуына әсер етті.

Алайда үшінші сұрып бидайдың сапасы былтырғы жылмен салыстырғанда төмен болғанымен, төртінші сұрыптың сапасы әлдеқайда көтерілген, дейді Қайрат Айтуғанов.

Вице-министрдің сөзі бойынша, Ақмола олысында аталмыш жағдайға дер кезінде көңіл бөлініп, оң тәжірибе қалыптасты. Гектар бойынша субсидиялауға көзделген 4 млрд. 100 млн теңге гербицидтерге бағытталған.

8 қыркүйектегі жағдай бойынша, астықтың 54 пайызы жиналды. Егер ауа-райы қалыпты болса, солтүстік аймақтарда астықты бастыру науқаны қыркүйектің үшінші онкүндігінде аяқтау көзделуде.

Қазақстанда 13,6 млн. тонна бидайды сақтауға арналған 204 лицензиялық астық қабылдау кәсіпорны бар. Бұл көлем астықты толықтай қабылдауға жеткілікті.