Қазақстанда атқарылып жатқан шаралар демократиялық үдерістің тереңдеп отырғанын білдіреді - Р. Базарбай

АНА. 26 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстанда атқарылып жатқан шаралар демократиялық үдерістің тереңдеп отырғанын білдіреді. Бүгін Елордада ЕҚЫҰ Саммиті қарсаңындағы Шолу конференциясының «БАҚ бостандығы» сессиясында сөз сөйлеген «Жастар» тәуелсіз әлеуметтік саяси газетінің өкілі Раушан Базарбай осылай мәлім етті.

«Қазақстандағы сөз бостандығына қатысты кейбір пікірлер бұл мәселе бойынша бүкіл қазақстандықтардың көзқарасын білдірмейді. Жалпы, бүгінгі алқалы жиыннан да еліміздің демократиялық қоғамды одан сайын дамыта түсуге деген ниетін, еліміздегі пікір алуандығы мен сөз бостандығының қарқынды дамып отырғанын білуге болады. Мен өзім тәуелсіз БАҚ өкілімін. Ендеше, менің пікірім бойынша Қазақстанда жасалып жатқан шаралардың басым көпшілігінен демократиялық бетбұрыстың тереңдеп отырғанын білер едік », - деді Р. Базарбай.

Оның айтуынша, Қазақстанда еркін баспасөз үшін құқықтық негіз жақсы қалыптасқан. «Сөз бостандығы мен БАҚ еркіндігіне қатысты мәселе көтеріп жүрген басылымдар негізінен заң шеңберіндегі құқық бұзушылықтары болғандықтан, сондай кемшіліктері үшін жапа шегіп жатқандықтан да көбінесе осындай әрекетке барады деп ойлаймын», - деді Р. Базарбай .