Қазақстанның үш өңірінде күн күрт суытады

АСТАНА. KAZINFORM — «Қагидромет» РМҚ синоптиктері Қазақстанға суық антициклон жақындап келе жатқанын мәлімдеді.

Фото: Pexels

Мамандардың болжамынша, қысқа мерзімді жылымықтан кейін Қазақстан аумағына кезекті суық антициклон ығыса бастайды. Жылдам қозғалатын әрі суық ауа массаларымен толығатын бұл антициклон алдымен еліміздің солтүстік өңірлеріне, кейін шығыс аймақтарына айтарлықтай салқын ауа райын алып келеді.

— 22 мамырда республиканың солтүстік облыстарында, ал 23 мамырда шығыс және орталық өңірлерінде түнгі уақытта ауа температурасы 0-5 градус жылыға дейін төмендейді, кейбір аудандарда тіпті 3 градусқа дейін үсік жүруі мүмкін. Күндіз ауа температурасы небәрі 10-15 градус жылы шамасында болады, — болады деп болжап отыр.

Бұған дейін 20–21 мамыр күндері солтүстік циклонның әсерінен елдің солтүстігі мен шығысында жаңбыр жауып, найзағай күтілетіні болжанды. Осы күндері қатты жаңбыр, бұршақ және дауылды жел болжанады.

21 мамырда күндіз Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында ауа температурасы 10… 18 градусқа дейін, ал елдің орталығында 15… 23 градусқа дейін төмендейді.