Қазақстанда аудиторларға лицензия беру қағидалары өзгереді

Фото: freepik

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі «Аудиторлық қызметті жүзеге асыруға лицензия беру» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларына өзгерістер енгізу туралы бұйрық жобасын әзірледі.

Жобаға сәйкес, 2020 жылғы 30 наурыздағы №336 бұйрықпен бекітілген қолданыстағы нормативтік құқықтық актіге түзетулер енгізіледі. Өзгерістер құжатты Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексі талаптарына, сондай-ақ цифрландыру, көлік, кәсіпкерлік және қала құрылысы салаларындағы заңнамалық актілерге сәйкестендіруге бағытталған.

Атап айтқанда, «электрондық үкімет» және «ақпараттық жүйелер» ұғымдарының орнына «цифрлық үкімет» және «цифрлық жүйелер» терминдерін қолдану ұсынылады. Сонымен қатар, бірқатар тұжырым «цифрлық инфрақұрылым» ұғымына сәйкестендірілмек.

Бұдан бөлек, «Мемлекеттік қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының заңының атауы да соңғы заңнамалық өзгерістерге сәйкес нақтыланады.

Жобаға берілген түсіндірмеде оның қабылдануы әлеуметтік-экономикалық және құқықтық теріс салдарға әкелмейтіні көрсетілген.

Құжатты қоғамдық талқылау 2026 жылғы 14 мамырға дейін жалғасады.

Бұған дейін Қаржы министрлігі 1500 АЕК-ке дейінгі борышты кепілсіз бөліп төлеуді енгізуді жоспарлап отырғаны туралы жаздық.