Қазақстанда әуе бағыттарын субсидиялау қағидалары өзгертілді

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Үкіметі әуе бағыттарын субсидиялау қағидаларына толықтырулар енгізді.

Фото: Максат Шагырбаев/ Kazinform

Жаңа ережелерге сәйкес, әуе бағыттарын субсидиялау — мемлекеттік қолдау шарасы. Сондай-ақ, кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган дайындайтын жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларының тізіліміне енгізу арқылы жүзеге асырылады.

Алдымен, бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті орган заңды тұлғаны айқындайды. Ол тізілімді жүргізуге техникалық сүйемелдеу үшін жауапты болады. Сонымен бірге, аталған заңды тұлғаның жалғыз акционері мемлекет болады.

Мемлекеттік қолдау шараларын пайдалану және оларды алушылардың қызметі екі деңгейлі цифрлық жүйе арқылы мониторингтен өтеді:

• Бірінші деңгей — екінші деңгейдегі жүйелермен интеграцияланған тіркеу жүйесі. Оның құрамында жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын алушылар өтінімдерінің эталондық электрондық тізілімі болады. Бұл деңгейде мемлекеттік қолдау шараларын алушының бюджеттің атқарылуы жөніндегі уәкілетті орган мониторинг жүргізу қағидалары аясында белгілейтін негізгі талаптарға сәйкестігі форматтық-логикалық бақылаудың қорытындысы бойынша анықталады.

• Екінші деңгей — мемлекеттік немесе мемлекеттік емес салалық цифрлық жүйелер. Бұл жүйелер арқылы жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын алушылардан өтінімдер қабылданып, олар форматтық-логикалық бақылау арқылы өңделеді және өңделген өтінімдер бірінші деңгейдегі жүйеге жіберіледі.

Сонымен қатар, екінші деңгейдегі цифрлық жүйелер мемлекеттік қолдау шараларын алушылардан заңмен қорғалатын құпия мәліметтерді пайдалануға, сондай-ақ олардың дербес деректерін тіркеушіге жинауға, өңдеуге, сақтауға, жүктеуге және пайдалануға келісім алуды қамтамасыз етеді.

Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын екі деңгейлі жүйе арқылы жүргізілген мониторинг нәтижелері кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органға ұсынылады.

Мемлекеттік қолдау шараларын тиісті тізілімге енгізбей ұсынуға жол берілмейді.

Қаулы 5 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді.

Айта кетейік, бұған дейін еліміздің авиациялық жүйесі қалай қалыптасып жатқанын жазғанбыз