Қазақстанда әуе тасымалының көлемі артты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан аумағында ұшақтардың ұшу көрсеткіші 2017 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында өткен жылмен салыстырғанда 9,7 пайызға артып, 183 мыңға жеткен, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«2017 жылдың 9 айы ішінде Қазақстанда ұшақтар 183 мың мәрте әуеге көтеріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 9,7 пайызға артты. Әуе кеңістігі арқылы транзиттік сапардың өсімі 5,2 пайызға өсті. Әуе тасымалының биылғы жылы артуын халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесімен және өзге де халықаралық форумдардармен, шаралармен байланыстыруға болады», - дейді «Қазаэронавигация» РМК бас директорының орынбасары Фаат Богдашкин.

Сонымен қатар, ол Астанада халықаралық қаржы орталығы құрылып, Қазақстанның қаржылық инфрақұрылымына айналатындықтан, бұл көрсеткіштің әлі де арттатынына сенім білдірді.

«Қазақстан аумағында жалпы ұзындығы 84 мың шақырымға жететін 92 әуе тас жолы, өзге де мемлекеттердің шекарасы бойынша 73 әуе дәлізі бар. 2016 жылы біз 230 мың мәрте әуеге көтеріліп, қызмет көрсеттік. Тәулік сайын 600 әуе кемесі қызмет көрсетеді. Трафиктердің негізгі үлесін жоғарғы әуе кеңістігіндегі транзитті ұшақ сапарлары құрайды. Олардың үлесі - 70 пайыз», - дейді бас директордың орынбасары.

Фаат Богдашкиннің айтуынша, шетелдік авикомпаниялардың Қазақстаннан аумағынан өтетін әуе транзиттік тасымалының 80 проценті Еуропаны Оңтүстік-Шығыс Азиямен, Оңтүстік Азияны Таяу Шығыспен және Еуропамен байланыстырады.

«Қазақстан арқылы перспектиті транзиттік ағындардың бірі АҚШ пен Канада, БАӘ, Пәкістан, Тайланд пен Сингапур елдерінен трансқұрлықты ұшулар болып табылады. Бұл күндері аталған бағдарлар жұмыс істеп тұр», - дейді ол.