Қазақстанда «Ауыл аманаты» жобасы қалай жүзеге асырылып жатыр

ОРАЛ. KAZINFORM — Ауылдағы кәсіпкерлікті қолдау және елімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылдан бастап «Ауыл аманаты» бағдарламасы қолға алынғаны белгілі. Бұл бағдарлама Қазақстанда қазіргі кезде қалай жүзеге асырылып жатыр? Осы орайда Kazinform тілшісі жобаның орындалу барысын саралап көрді.

Фото: БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы

Бағдарламадағы өзгерістер қандай?

«Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы қаржы бұрын Ауыл шаруашылығы министрлігі арқылы бөлініп келді. Кейін бұл қызмет тетігі Ұлттық экономика министрлігіне ауысты. 
Бұл мәселеге байланысты Kazinform тілшісі ҚР Ұлттық экономика министрлігіне арнайы сауал жолдаған еді.

Ведомстводан келген жауапқа қарағанда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 7 сәуірдегі № 212 қаулысына сәйкес министрлікке ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда микрокредит беру және лизинг қағидаларын әзірлеу және бекіту функциясы берілді.

Осыған сәйкес, министрлік Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары — Ұлттық экономика министрінің 2025 жылғы 16 маусымдағы № 53 бұйрығымен «Ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда микрокредит беру және лизинг қағидаларын бекіту туралы» жаңа қағидаларды әзірледі. Қағидалар 2025 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді.

Жобаны жүзеге асыру бойынша бірқатар жаңа тәсіл әзірленіп, енгізілді. Негізгі жаңашылдықтың бірі — жобаны тиімді іске асыру және мамандандыруды айқындау мақсатында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп скрининг жүргізіліп, бөлінетін несиелердің бағыттары нақтыланды.

Сонымен қатар мал шаруашылығы саласына берілетін қаражаттың үлесін жалпы көлемнің 40 пайызынан асырмау және қайта өңдеу саласына кемінде 20 пайыз қаражат бөлу жөніндегі қаржыландыру лимиттері енгізілді. Бұдан бөлек, жобаны іске асыру кезінде бюрократиялық рәсімдерді қысқарту бойынша тиісті шаралар қабылданды.

Жоба ауыл халқының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған және бюджеттік шағын несиелер (микрокредиттер) ұсыну арқылы жүзеге асырылады. Жобаның мақсаты — ел тұрғындарын агробизнеске тарту және ауылдық жерлер мен шағын қалаларда кәсіпкерлікті қолдау.

Фото: БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы

Қағидаға сәйкес, ауыл шаруашылығына жатпайтын жобаларды қоспағанда, ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда шағын несие беру және лизингтің басым бағыттары скрининг негізінде айқындалады.

Ауыл шаруашылығы, тұтыну кооперативтеріне және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге басым қолдау көрсетіледі.

Министрліктің мәліметінше, 2023 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауыл халқының табысын арттыру мақсатында жобаны іске асыру басталды.

2023-2025 жылдары республикалық бюджеттен 166 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде бүгінге дейін 154,3 млрд теңге сомасына 20,6 мың шағын несие берілді, бұл 23,8 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Соның ішінде 2023-2025 жылдары Батыс Қазақстан облысына 14,4 млрд теңге бөлініп, 13,4 млрд теңгеден астам сомаға 1,6 мыңға жуық шағын несие берілді, 2,2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды.

Бұл ретте бюджеттік несиелерді берудің негізгі шарттарына сәйкес бюджеттік несиені игеру кезеңі 12 ай екенін және кредитордың шотынан бюджеттік несиелер аударылған сәттен бастап есептелетінін ескеру қажет.

2026 жылы жобаны іске асыруға бюджеттік шағын несиелер мен лизинг беру үшін 100 млрд теңге жоспарланған, оның ішінде Батыс Қазақстан облысы бойынша — 4,7 млрд теңге.

— Қағида аясында шағын несиелер Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жергілікті атқарушы орган айқындайтын сенім білдірілген өкіл (агент) арқылы беріледі. Сонымен қатар қағидаға сәйкес жергілікті атқарушы орган сенім білдірілген өкіл (агент) арқылы мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуге арналған цифрлық жүйесін пайдалана отырып, шағын несие қаражатының және лизинг нысанасының мақсатына сай пайдаланылуын мониторингтеуді жүзеге асырады. Осы ретте шағын несие немесе лизинг беру не беруден бас тарту туралы шешім қолданыстағы заңнамаға сәйкес жергілікті атқарушы орган айқындайтын сенім білдірілген өкіл (агент) арқылы қабылданады, — делінген министрлік жауабында.

Батыс Қазақстанда қаражат қалай игеріліп жатыр?

«Aqjaiyq» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Ержан Досмақовтың мәлім еткеніндей, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2025 жылы облысқа үш траншпен түскен 5,5 млрд теңгенің 4,8 млрд теңгесі игеріліп, 350 несие (254-і жеке кәсіпкер, 96-сы ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне) берілді. Осыған орай 734 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. 

— Облыс әкімінің төрағалығымен 19 маусымда өткізілген кеңестің хаттамасы бойынша аталған қаражатты 1 қыркүйекке дейін 100 пайыз игеру туралы тапсырма берілген еді. Соған сәйкес 6,4 млрд теңгеге немесе 114 пайызға өтініштер түссе, соның 5,3 млрд теңгесі (96 пайызы) мақұлданды. Сонымен қатар биылға өңірге қаралған 4,7 млрд теңгенің 2,17 млрд теңгесі түсіп, оны да игеру үшін жұмыстар бастау қажеттілігі туындап отыр, — дейді Ержан Досмақов.

Фото: Ержан Досмақовтың жеке мұрағатынан

Корпорация мәліметіне қарағанда, 2025 жылы түскен қаражаттың 87 пайызы әр ауданға несие бағыттары бойынша лимиттермен бөлінді. Осы орайда қаражатты игеруде Жәнібек (138 пайыз), Бәйтерек (118 пайыз), Қаратөбе (169 пайыз) және Теректі (113 пайыз) аудандары белсенділік көрсетіп отырса, Бөрлі (34 пайыз) және Казталов (46 пайыз) аудандарында 50 пайызға жетпей отыр.

Ерекше мән беретін жайт, қағидаға сәйкес мал шаруашылығына бөлінетін қаражат 40 пайыздан аспауы керек. Осындай шектеуге қарамастан, аудандардан келіп түскен өтініштердің басым бөлігі мал шаруашылығына тиесілі болып келеді. Күні бүгінге дейін 12 ауданның ішінен жетеуі (Жәнібек, Бәйтерек, Қаратөбе, Сырым, Тасқала, Теректі және Шыңғырлау) осы салаға бөлінген лимиттерін толықтай игеріп немесе асып кетіп отыр. 
Қайта өңдеу саласы бойынша 20 пайыздан кем емес мөлшерде шағын несие беру көзделген. Осы ретте жеті аудан (Ақжайық, Бөкей ордасы, Казталов, Сырым, Теректі, Бөрлі және Шыңғырлау) қарастырылған лимиттерін 50 пайыздан төмен игерсе, ал Жаңақалада бұл бағытта мүлдем несие берілмеген.

— Бағдарлама бойынша берілетін несие аудандарға жұмыс көзін ашу, өндірісті дамыту, халықтың табысын арттыруға бағытталған. Сондықтан аудандар өз ерекшеліктеріне байланысты қаржыны оңтайлы бағыттарға сай игеруді қолға алуы керек. Атап айтқанда, әрбір ауылда өндеу, өндіру цехтарын ашу, құс, балық және өсімдік шаруашылығын дамытуға баса назар аударған жөн. Мұны ұйымдастыру үшін ауылдық округтер әкімдері, жергілікті жобалық кеңсе мүшелері, қоғамдастық өкілдері мен белсенділер бірлесе отырып істеуі қажет, — деп қосты Ержан Досмақов.

БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Зұлқашев қазіргі таңда «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында бөлінген қаражатты игеру бағытында күш салынып жатқанын жеткізді. 

Фото: Рүстем Зұлқашевтің жеке мұрағатынан

— Аудандар арасында қаржы игеру деңгейінің әр түрлі болуы ең әуелі халық санына сәйкес әр ауданға белгіленген қаржы лимитіне байланысты. Алда тұрған Бәйтерек, Қаратөбе, Жәнібек, Теректіден басқа аудандарға лимиттерін орындау бойынша тапсырмалар беріліп, соған сәйкес жұмыстар атқарылып жатыр. Батыс Қазақстан облысы мал шаруашылығына, әсіресе, ет бағытындағы ірі қара және қой шаруашылығына маманданған өңір болғандықтан, келіп түсетін өтінімдердің басым бөлігі осы салаға тиесілі. Ал қолданыстағы қағидаға сәйкес бөлінген қаражаттың 40 пайызы — мал шаруашылығына, 20 пайызы — ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге, қалған 40 пайызы басқа кәсіпкерлік бағыттарына жұмсалуға тиіс, — дейді ол.

Оның айтуынша, бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы кооперативтері мен шағын кәсіпкерлікті дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, өңдеу және қайта өңдеу, сүтті бағыттағы ірі қара, өсімдік, құс, бал және балық шаруашылығын ілгерілету көзделген. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері арқылы қой шаруашылығы, ет бағытындағы ірі қара малын бордақылау жобалары қаржыландырылады. Бұл бағыттар облыстық жобалық кеңсемен келісіліп, бекітілген.

Фото: БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы

Соған қарамастан, тұрғындардың негізгі сұранысы ет бағытындағы мал шаруашылығы жобалары болып отыр. Ал қайта өңдеу және басқа кәсіпкерлік бағыттары бойынша өтінімдердің аз болуы белгіленген қаржы лимиттерін толық игеруге белгілі бір деңгейде әсер етеді.

Осыған байланысты облыстың оңтүстік аудандарында ет бағытындағы ірі қара және қой шаруашылығын дамытуға басымдық беріледі. Бұл ретте кемінде 25 жеке қосалқы шаруашылықты біріктіретін, жұмыс істеп тұрған ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі арқылы қаржыландыру көзделген. Кооперативтерге қойылатын талаптар, өндірістік цикл, өнімді өткізу схемасы жасақталды.

Сонымен қатар осы аудандарда сүтті мал шаруашылығын дамытуға ниетті адамдар болған жағдайда аудандық жобалық кеңсенің мақұлдауымен олардың жобаларын қаржыландыруға мүмкіндік беріледі. Ал облыс орталығына жақын орналасқан аудандарда сүтті мал шаруашылығын дамытуға басымдық беріліп, өңір тұрғындарын сүт және сүт өнімдерімен қамтамасыз етуге бағытталған жобаларды іске асыру ұсынылады.

Басқарма мәліметінше, қазіргі уақытта бағдарламаны іске асыру барысында айтарлықтай кедергілер жоқ деп айтуға толық негіз бар. Дегенмен қолданыстағы қаржыландыру тетіктерін жетілдіру мақсатында ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері үшін лизингтің ең жоғары мөлшерін 8 мың АЕК-тен 20 мың АЕК-ке дейін ұлғайту жөнінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігіне ұсыныс жолданды. Бұл кооперативтердің одан әрі дамуына септігін тигізетіні сөзсіз.

Кооперативтер не үшін қажет?

БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Зұлқашевтің нақтылауынша, өңірде кооперативтердің қызметі негізінен ауыл шаруашылығы саласында шоғырланған. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, облыста 406 ауыл шаруашылығы кооперативі тіркеліп, оның 291-і нақты жұмыс істеп тұр.

Жұмыс істеп тұрған кооперативтердің басым бөлігі мал шаруашылығы бағытында қызмет атқарады. Атап айтқанда, 208-і — етті мал шаруашылығы, 40 кооператив — сүт өндірісі, 14-і — өсімдік, үшеуі — бау-бақша, екеуі — балық, біреуі — құс, тағы біреуі ара шаруашылығы бағытында жұмыс істейді. Ал 20 кооператив аралас қызмет көрсетсе, екеуі сервистік қызмет көрсетуге маманданған.

Бүгінде ауыл шаруашылығы кооперативтерінің құрамында 4 550 мүше бар. Оның ішінде 18 заңды тұлға, 238 шаруа және фермер қожалығы мен жеке кәсіпкер, сондай-ақ 4 294 жеке тұлға тіркелген.

Кооперативтердің иелігінде барлығы 152 639 бас ауыл шаруашылығы жануарлары болса, соның ішінде 71 681 ірі қара, 79 624 ұсақ мал, 1 244 жылқы және 30 бас құс өсіріледі.
2025 жылдың қорытындысы бойынша кооперативтерде 152,7 тонна ет, 105,7 тонна сүт, 2 207,6 тонна картоп, 167 тонна бидай, 2,1 тонна арпа, 150 тонна бақша өнімдері, 3 174,8 тонна мал азықтық дақылдары және 30 тонна бал өндірілді. Бұл деректер кооперативтердің өндірістік әлеуеті артып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі жылдан-жылға өсіп келе жатқанын көрсетеді.

Өңірдегі кооперативтердің дамуына «Ауыл аманаты» бағдарламасы да елеулі серпін беріп отыр. Ауыл тұрғындарының табысын еселеу, жаңа жұмыс орындарын ашу мақсатында кооператив мүшелеріне жеңілдетілген шағын несиелер мен лизинг беріліп, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу, мал басын көбейту, өнім өндіру мен өңдеуді дамыту бағытында мемлекеттік қолдау көрсетіліп жатыр.

2023-2026 жылдарға арналған бағдарлама аясында облыста жалпы 4,2 млрд теңгеге 166 ауыл шаруашылығы кооперативі қаржыландырылып, нәтижесінде 830 жаңа жұмыс орны ашылды. Мысалы, 2023 жылы 49 кооперативке 995,4 млн теңге көлемінде шағын несие берілді. 2024 жылы 37 кооперативке жалпы 933,8 млн теңге бөлінді. Оның ішінде 113,6 млн теңге көлеміндегі револьверлік қаражат есебінен 4 кооператив, 820,2 млн теңгеге 33 кооператив қаржыландырылды.

2025 жылы 2 230 млн теңге қаражат есебінен 80 кооперативке шағын несие мен лизингтік қаржыландыру ұсынылды. Оған қоса, 2024 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен пилоттық жоба аясында 6 кооперативке жалпы құны 311,3 млн теңге болатын ауыл шаруашылығы техникасы мен қажетті құрал-жабдықтар лизинг арқылы табысталды.

— Жалпы, кооперативтердің қызметі ауыл шаруашылығы өндірісін ұлғайтуға, ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік белсенділігін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етуде. Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде кооперативтердің материалдық-техникалық базасы нығайып, өндіріс көлемі мен өнім түрлері жыл сайын артып келеді, — деп түйіндеді сөзін Рүстем Зұлқашев.

Батысқазақстандық кәсіпкер Бауыржан Сабанов елді мекендердегі халықтың басын қосу үшін кооперация қажет деп есептейді. Оның діттеуінше, бұл, әсіресе, шекаралық аудандар үшін өте маңызды. Батыс Қазақстан облысы Ресейдің бес бірдей өңірімен шектесетіндіктен, сол аумақтар бос қалмауы керек, халықтың көшуін тоқтатып, тұрақтандыру бағытында шаралар алу қажет. 

Фото: Бауыржан Сабановтың жеке мұрағатынан

 

— Бұл ретте қаржы мен жер бөліп жатыр, салық мәселесінде жеңілдіктер қарастырылғаны жөн. Субсидия ғана емес, офтейк-шарттармен қолдау керек, яғни кооперативтер шығарған өнімдерді сатып алатындай жағдай жасалса, олардың қадамы алға басар еді. Кооператив тапсырыспен өнім өндірсін. Оларға берілетін несие көлемі ұлғайсын. Сонда ауылдағы халық кооперативке кіреді. Бұл жерде ескеретін жайт, малдың жартысы тұрғындардың иелігінде. Сондықтан оларды қолдамасақ, малдың сапасы төмендейді, — деді Бауыржан Сабанов.

Қорыта айтқанда, «Ауыл аманаты» бағдарламасының оңтайлы жүзеге асырылуы, біріншіден, ауылдағы өндіріс көздерін көбейтеді, екіншіден, елді мекендер тұрғындарының табысын арттырып, сонда тұрақтап қалуына ықпал етеді. Мұның маңыздылығы да сонда.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда өндірістік кооперативтердің қалай жұмыс істеп жатқанын жазған едік.