Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасының тозуы 65%-ға дейін төмендейді

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде ауыл шаруашылығы техникасының өндірісі дамып келеді. Дегенмен жекелеген бөлшектер бойынша импортқа тәуелділік бар.

Фото: Александр Павский/ Kazinform

Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Гоар Барсегян Алматыда өткен ЕАЭО Агроөнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңестің 7-ші отырысында мәлімдеді.

— Одаққа мүше мемлекеттер арасында өзін-өзі қамтамасыз етудің жоғары деңгейі ең алдымен Беларусь Республикасында байқалады. Соңғы жылдары Қазақстан Республикасында да өндіріс өте қарқынды дамып жатыр. Басқа да мүше мемлекеттерде ілгерілеу бар, — деді Гоар Барсегян.

Ол ЕАЭО елдері жекелеген бөлшектер бойынша әлі де импортқа тәуелді екенін жасырмады.

— Жекелеген бөлшектер бойынша біз әлі де импортқа тәуелдіміз, бірақ бұл заңды әрі қалыпты құбылыс. Сол себепті өнеркәсіп шеңберінде ауыл шаруашылығы машинасын жасау бойынша алғашқы жобаларды іске қосып жатырмыз, — деді ол.

Оның айтуынша, ЕАЭО нарығында ауыл шаруашылығы техникасын өндіруді дамытуға бағытталған кооперациялық бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, бірнеше ай бұрын комбайндар мен басқа да ауыл шаруашылығы техникаларына арналған кабиналарды шығару жобасы таныстырылған. Өндіріс көлемін жылына бірнеше мың данаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Министрдің сөзінше, бұл — шағын және орта бизнестің қатысуымен қолға алынған алғашқы жобалар.

Жиын аясында агенттік Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдерінен Қазақстандағы ауыл шаруашылығы техникасының қанша пайызы тозғанын және қаншауы ауыстыруды талап ететінін сұрады.

— Осыдан 3-4 жыл бұрын ауыл шаруашылығы техникасы паркінің тозуы 80% болды. Бұл мәселе біртіндеп артқа ысырылып келеді. Өйткені 2024 жылдан бастап министрлік ауыл шаруашылығы техникасына жеңілдетілген лизингтің бағдарламасын іске қосты. Лизинг жылдық 5% мөлшерлемемен 7 жыл мерзімге беріледі. 2024 жылы бұған 120 миллиард теңге, 2025 жылы — 250 миллиард, ал биыл 300 миллиард теңге бөлінді, — деді АШМ Егіншілік департаментінің Техникалық қамтамасыз ету басқармасының басшысы Бақыт Ілиясов.

Оның айтуынша, биылғы егін жинау науқанына 130 мыңға жуық трактор, 29 мың астық жинайтын комбайн, 17 мың орақ, 130 мың дана басқа да аспалы әрі тіркеме техника жұмылдырылады.

— Бұл ретте егін жинау науқанына жеңілдетілген лизинг бағдарламасымен 2 жылда сатып алған 12 мыңнан астам трактор мен 2 340 комбайн қатысады. Тиісінше, техниканы жаңарту деңгейі артып келеді. Ескі техника есептен шығарылып, кәдеге жаратуға жіберіледі. Жыл соңында қорытынды нәтижелер белгілі болады, бірақ ауыл шаруашылығы техникасы паркінің тозуы шамамен 65% болады, — деді министрлік өкілі.

Еске салайық, бұған дейін Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Гоар Барсегян ЕАЭО елдерінде ауыл шаруашылығы дақылдары тұқымының жекелеген түрлері бойынша импортқа тәуелділікті төмендету үшін мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты күшейту қажет екенін атап өтті.