Қазақстанда ауыл шаруашылығын цифрландыру қалай жүріп жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Цифрлық трансформация ауыл шаруашылығында қарқын алды. Бұл салада дрондармен егіс алқаптарын бақылау, GPS-навигация, агродеректермен жұмыс, автоматтандырылған суару және малды басқару жүйесі сәтті енгізіліп жатыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Kazinform сауалына жолдаған жауабында айтылған.
Министрліктен мәлім еткендей, елде заманауи технологияларды енгізу арқылы ауыл шаруашылығының өнімділігі мен тиімділігі артып келеді.
Жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін фермалар пайда болды.
— Қазақстанда барлығы 2243 ферма бар. Оның ішінде цифрлық фермалар белсенді түрде енгізіліп жатыр. Қазір еліміз бойынша олардың саны 200-ден асты. Бұл фермалар нақты егіншілік, дрондар, сенсорлар мен GPS жүйелерін кеңінен қолдана отырып, топырақ пен дақылдардың жай-күйі туралы мәліметтерді нақты уақыт режимінде жинауға, тұқым себу, тыңайтқыш енгізу және суару үдерістерін оңтайландыруға мүмкіндік береді, — деп жазады ведомство мамандары.
Мәселен, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында егістікті спутниктік мониторинг арқылы басқару, агрохимиялық талдау және дәл нүктелік тыңайтқыш енгізу жүйелері кеңінен қолданылады.
Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстарында мал шаруашылығында жасанды интеллектпен жабдықталған сауу роботтары, автоматтандырылған азықтандыру жүйелері және микроклиматты бақылау шешімдері енгізілген.
Павлодар облысында ылғал үнемдеуші технологиялар мен автоматтандырылған суару жүйелері іске қосылды.
Мал бағуға арналған дрондар, GPS трекерлер, электронды карталар және отандық басқару платформалары қолданыста. Кей өңірлерде пилотсыз техникалар да сынақтан өтіп жатыр.
— Шаруалар соңғы жылдары GPS және автопилот жүйелерімен жабдықталған тракторлар және өздігінен жүретін егін жинау комбайндары Джондир, Клаас сияқты заманауи ауыл шаруашылығы техникасын кеңінен қолдана бастады. Қазір шаруалар трактор-беспилотник сияқты заманауи, цифрлық технологияларды қолдана бастады. Мұндай техникалар дәл егіншілік аясында қолданысқа еніп жатыр. Бұл техникалар егіс жұмыстарының дәлдігін арттырып, шығындарды азайтуға және өнімділікті көтеруге мүмкіндік береді. Цифрлық технологияларды енгізу әсіресе еліміздің солтүстік өңірлерінде қарқынды жүріп жатыр. Бұдан бөлек, отарды нақты уақыт режимінде бақылау және мал жаю кезінде туындауы мүмкін мәселелерге жедел әрекет ету — мұның бәрі малшы дрондарға мүмкіндік береді. Қазақстанда оларды Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында пайдалана бастады, — деп жазылған жауапта.
Айта кетейік, Жетісу облысы Балпық ауылында цифрлық сүт тауар фермасы жұмыс істеп жатыр. Әзірге ол өңірдегі цифрлық жалғыз ферма.
— Сүт тауар фермасында сауын табынына робот күтім жасайды. Оның арқасында мал өте ыңғайлы жағдайда ұсталады. Сиырлардың дені сау және мол сүт беруі үшін әрқайсысының жағдайын соңғы цифрлық технологиялардың көмегімен тәулік бойы бақылайды, — деп хабарлады Жетісу облысы әкімдігінен.
Сүтті бағыттағы ірі қара ферма бөлмесінде еркін қозғалады және өзі сауу аппаратына келеді.
Мұнда сауыншы робот жануардың физиологиялық жағдайын анықтайды және сүттің мөлшері мен сапасын қоса алғанда барлық ақпарат мониторда көрінеді.
Робот толығымен автоматтандырылған. Сиырды сауу керек пе, жоқ па, құрылғының өзі анықтайды.
Сауғаннан кейін міндетті түрде дезинфекция процедурасын жүргізеді. Фермадағы мұндай роботтар саны — 10.
2024 жылы ауылшаруашылық саласында 280,3 млрд теңгеге 287 инвестициялық жоба іске асырылды, биыл 614,5 млрд теңгенің 284 жобасы қолға алынған.
Осыған дейін Ауыл шаруашылығы өнімдері арасындағы өзара сауда көрсеткіші 59%-ға артқанын жазғанбыз.
Айта кетейік, Қазақстанда ауыл шаруашылығы санағының басталуына бір ай қалды.