Қазақстанда ауқымды құрылысқа 6,5 триллион теңге жұмсалмақ

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс» бағдарламасын жүзеге асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов мәлімдеді.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Елордада өткен «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс — 2027: Қазақстан экономикасы үшін жаңа мүмкіндіктер» атты сарапшылық талқылауда Жандос Шаймарданов алдағы құрылыс жұмыстарының ауқымы мен оның ел экономикасына ықпалы туралы айтты.

Оның сөзінше, Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттерді жүзеге асыру үшін Үкімет бірқатар жобаны әзірлеп қойған.

— Алдағы жұмыстың ауқымы бұрын-соңды болмаған деңгейде. 2029 жылдың соңына дейін осы үлкен бағдарламаны жүзеге асыруға Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге бөлу көзделіп отыр. Бұл — қомақты қаржы. Үкіметтің аталған бастаманы іске асыруға арналған бірқатар жобасы қазірдің өзінде бар екенін көріп отырмыз, — деді Жандос Шаймарданов.

Институт директоры бағдарламаның алғашқы кезеңінде әлеуметтік маңызы бар нысандар салуға басымдық берілетінін жеткізді. Атап айтқанда, 70-ке жуық денсаулық сақтау нысанын, білім беру, спорт және мәдениет салаларына арналған 50-ге жуық нысанды тұрғызу жоспарланған. Сонымен қатар еліміздің әр өңірінде жаңа перинаталдық орталықтар салу көзделіп отыр.

Бұдан бөлек, автомобиль жолдарын, инженерлік желілерді, коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға және тұрғын үй құрылысына да едәуір қаражат бағытталмақ.

— Бұл жұмыстың еліміздің барлық өңірін қамтитыны ерекше маңызды. Қазір әр өңір бойынша тиісті жоспарлар әзірленіп жатыр. Менің ойымша, ауқымды құрылыс аймақтардағы өмір сапасын жақсартуға елеулі ықпал етеді, — деді ол.

Жандос Шаймардановтың айтуынша, құрылыс бағдарламасының экономикалық әсері жаңа ғимараттар мен жолдарды пайдалануға берумен шектелмейді. Ірі жобалар цемент, металл, құрылыс конструкциялары мен инженерлік жабдықтар шығаратын кәсіпорындардың өнімдеріне сұранысты арттырады. Сондай-ақ көлік-логистика компаниялары, жобалау ұйымдары және шағын және орта бизнес үшін қосымша мүмкіндіктер туғызады.

Осыған байланысты ол құрылысқа жұмсалатын қаржының ел ішінде қалатын үлесін арттыру маңызды екенін атап өтті. Ауқымды жобалар отандық кәсіпорындардың өндірістік қуатын кеңейтіп, жаңа технологияларды игеруіне және жұмыс орындарын ашуына негіз болуға тиіс.

Еске салайық, бұған дейін аталған жиынға қатысқан «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Алтай Күздібаев елде ескі үйлерді жаңарту бағдарламасы аясында тұрғындардың мүддесін қорғауға арналған жаңа кепілдік тетігі іске қосылатынын айтқан еді.