Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласы техникамен қалай қамтылмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешенді техникамен қамтамасыз етудің картасы жайында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Техникалық қайта жарақтандыру картасына тоқталған Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов, бүгінде тракторлардың 65 пайызы мен комбайндардың 46 пайызы бойынша пайдалану мерзімі 17 жылдан асып кеткенін жеткізді. Сонымен бірге тракторлардың 20 пайызы жұмыс істемей тұрса, ал 26 пайызын қолданыстан шығару қажет. Мұнымен қоса, осындай жағдай комбайндар бойынша да қалыптасып отыр.

«Тозығы жеткен техниканы пайдалану мен жанар-жағармайға жұмсалатын шығындардың шамамен 20 пайызға артуына және ең бастысы, жалпы жиналымның шамамен 14 пайызға немесе шамамен 200 млрд теңгені жоғалтуға әкеліп соқтырады. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы техникасы бойынша 20 отандық өндіруші 30 пайыздан жоғары емес деңгейде жүктелген, ал импорт көлемі өндіріс көрсеткішінен екі еседен астам артықтау. Егер де үлкен комбайндар мен тракторлардың импортын алмастыруға уақыт қажет болса, онда қазіргі мерзімде «шағын механизация», яғни топырақ өңдейтін әрі жем-шөп дайындайтын техника бойынша жағдайды өзгертуге қауқарлымыз. Тек осылар бойынша импорт жылына 60 млн АҚШ долларын құрап отыр», - деді вице-министр.

Қ. Айтуғанотың айтуынша, АӨК-ті қарқынды техникалық қайта жарақтандыру Картасы аясында  түпкілікті мөлшерлемесі  5%-ға дейін  отандық ауыл шаруашылығы өндірісіне  жеңілдетілген несие беру бағдарламасын енгізу көзделіп отыр. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникаларын қарқынды қайта жарақтандыру мақсатында  отандық техникаларды сатып алу үшін инвестициялық субсидиялар механизмін өзгерту ескерілген, бұл ретте ол сатып алушыға емес, зауытқа төленеді. Ал өз кезегінде зауыт субсидия сомасында техниканы сатып алуға жеңілдік береді.

«Жалпы, 2021 жылға дейін жеңілдікті несиелеуге 217 млрд теңге қажет болады. Қаржының қайтарымдылығы есебінен ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңартудың оңтайлы деңгейін қамтамасыз етпекпіз», - деді ол.