Қазақстанда ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеушілерге теңдесі жоқ мемлекеттік қолдау шараларын өткіземіз - С.Ахметов

АСТАНА. 4 ақпан. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде Қазақстанда ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеушілерге теңдесі жоқ мемлекеттік қолдау шараларын өткізуді ұсынды.

«Ауыл шаруашылығы шикізаттарының өңделген үлесі мен біздің өңдеу саламыздың қуаты әлі күнге дейін аз. Алдында айтып кеттім, бізде өңдеу саласында 2 мыңға тарта кәсіпорын бар. Ел бойынша, ауыл шаруашылығының өңдеу саласында 55 мың адам жұмыс жасап жатыр. Ал шығарған өнімдерінің жалпы құны 5 млрд. доллардан асады. Жалпы ішкі өнімдегі олардың алатын үлесі қанша? Әрине тым мардымсыз», - деді С.Ахметов.

Оның атап өткеніндей, биыл жаңа бағдарлама аясында өңдеушілерді қолдау тетіктері қайтадан сараланатын болады.

«Елімізде өңдеушілерімізге теңдесі жоқ мемлекеттік қолдау шараларын өткізейік. Осы салаға бір серпін берейік. Қазіргі жағдайда жұмыс істей алмайтындар шығып кетеді, ал ондағы ең озықтарын, технологиялық кәсіпорындарды қолдайық. Ол кейін өзі-ақ бұл бағытты айналдырып алып шығады. Мен сіздерге тағы да еске саламын, Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерінің импорты бізде артуда. Биыл жаңа бағдарлама аясында бұл мәселені және қолдау тетіктерінің барлығын қайтадан тәптіштеп саралайтын боламыз», - деп түйді ойын ҚР Премьер-Министрі.