Қазақстанда ауыл шаруашылығы жобаларына инвестициялық субсидиялар оның құнының 30 пайызына дейін құрайтын болады

АСТАНА. 1 қараша. ҚазАқпарат - Қазақстанда ауыл шаруашылығы жобаларына инвестициялық субсидиялар оның құнының 30 пайызына дейін құрайтын болады.

Бұл туралы 2013-2020 жылдарға арналған «Агробизнес-2020» агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға арналған бағдарлама жобасы талқыланған ҚР Парламенті Мәжілісінің аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің кеңейтілген отырысында ҚР ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлім етті.

«Жаңа құрал - инвестициялық субсидия пайда болады. Бұл біз үшін тың нәрсе болғанмен әлемде бұрыннан бар. Мұндай құрал Батыс Еуропа елдерінде белсенді қолданылуда, тіпті ТМД елдерінде де бар. Мәселен, Ресейдің Башқұртстанында «500 ферма» бағдарламасы бар, аймақтық бюджет инвестицияның 50 пайызын жаңа тауарлы-сүт фермасын пайдалануға бергендерге қайтарып беруге міндеттенеді», - деді А.Мамытбеков.

Оның айтуынша, күрделі өндіріс - сүтті мал шаруашылығымен айналысатын қазақстандық фермерлерге мұндай қолдау көрсетпейінше,  шетелдіктермен бәскелестікке түсу қиын болады. Сондықтан да мұндай құрал өте қажет. Қазақстанның оңтүстігінде мұндай инвестициялық субсидиялар тамшылата суаруды енгізуге, жерді түбегейлі жақсартуға, мелиоративтік желілерді жақсартуға көмектеседі.

Министр сондай-ақ инвестицилық субсидиялар бағдарлама жобасына сәйкес жоба құнының 30 пайызына дейін жететінін мәлім етті.