Қазақстанда ауыр жүктерді тасудың арнайы рұқсатын беру 20 пайызға артты

АСТАНА. 23 қазан. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 9 айында Көліктік бақылау комитеттерінің аумақтық органдары ірі габаритті және (немесе) ауыр салмақты автокөлік құралдарының жүріп өтуіне 27 850 арнайы рұқсат берді.

Өткен жылдың осы кезеңінде бұл сан 21 646 болатын. Бұл туралы ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Көліктік бақылау комитеті төрағасының орынбасары Әсет Асавбаевтың айтуынша, арнайы рұқсат ірі габаритті және (немесе) ауыр салмақты автокөлік құралдарының (АКҚ) ҚР аумағы арқылы тасымал жасау құқығын береді. Сондықтан оны алу үшін тасымалдаушылар жүру бағыттарын, яғни жүк тасымалдау мүмкіндігін айқындау үшін нақты қай жолмен жүріп өтуді келісіп алулары керек, «өйткені жол бойында кейбір салмақ жүктемесіне арналмаған көпірлер немесе габаритіне байланысты жүріп өтуге келмейтін жол өткелдері бар». Ондай жағдайларда арнайы рұқсат беруден бас тартылуы мүмкін. Бұдан тыс, арнайы рұқсат беру барысында тасымалға тиісті талаптар қойылуы ықтимал, мысалы ілесіп қоса жүретін автомобильдің міндетті түрде болуы немесе тасымалды тек қана тәуліктің жарық кезінде ғана жасау және басқадай шарттар талап етілуі мүмкін.

Сонымен қатар, АКҚ-на жүк артық тиелген жағдайда тасымалдаушыға жолға келтірілетін зиянның қайтарымы есебінде тиісті алым төлеуі міндеттеледі. Арнайы рұқсатсыз жүріп өткен тасымалдаушыға айыппұл салынады. «Биыл біз айыппұл деңгейін көтердік. Бұрын ол 10-50 АЕК құраса, қазір оның көлемі 200-1000 АЕК аралығында болды», - деп атап көрсетті Әсет Асавбаев.

Заңнамаға сәйкес, отандық тасымалдаушылар арнайы рұқсат алу үшін ХҚКО-на немесе электронды үкіметтің www.e-licence.kz порталына өтініш түсіруіне болады. Шетелдік тасымалдаушылар арнайы рұқсат алу үшін көліктік инспекцияға жүгінулері керек.

Арнайы рұқсат нақты АКҚ-на бір рейске берілетіндігін еске саламыз. Бір типті ірі габаритті және (немесе) салмағы ауыр жүктерді бекітілген бағытпен тасымалдайтын жағдайда бірден бірнеше рейске мерзімі алты айға алуына болатындығын атап өткен жөн.