Қазақстанда авиабилеттердің қымбаттауына не себеп – сарапшы

АСТАНА.KAZINFORM – Жазғы демалыс маусымы қызған шақта көптеген саяхатшылар әуе билеттерінің қымбаттауына тап болды. Бағаның өсуіне жоғары сұраныс әсер етті ме, әлде оған жанармай құны мен валюта бағамының өзгеруі сияқты басқа да факторлар себеп болды ма?

Фото: Александр Павский / Kazinform

Әуе билеттерінің бағасы қалай қалыптасатынын анықтау үшін Kazinform тілшісі шетелге шығатын туризм саласында Қазақстан азаматтарының құқықтарын қорғау жүйесінің әкімшісі саналатын «Туристік Қамқор» корпоративтік қорының төрағасы Инна Рейден пікір алды. Аталған қор туристердің құқықтарын қорғаумен айналысады және туроператорлардың қызметінде қиындықтар туындаған жағдайда туристерге қолдау көрсетеді.

Фото: видеодан алынған кадр

Инна Рейдің айтуынша, Қазақстанда мемлекеттік тапсырыс аясында орындалатын рейстерді қоспағанда, әуе билеттерінің бағасын мемлекет реттемейді. Қалған барлық жағдайда бағаны авиакомпаниялар өздерінің шығындары мен экономикалық жағдайына қарай белгілейді.

– Қазіргі таңда әуе билеттерінің бағасы мемлекет тарапынан реттелмейді. Ерекшелік тек мемлекеттік тапсырыс бойынша орындалатын рейстерге ғана қатысты. Әуе билеттерінің бағасын қалыптастыру толығымен авиакомпаниялардың құзыретінде. Олар өздерінің шығындары мен пайда табу қажеттілігін ескереді, өйткені авиация – өте қымбат әрі үлкен қаржыны талап ететін сала, – деді Инна Рей.

Оның айтуынша, әуе тасымалы құнына әсер ететін негізгі факторлардың бірі – авиациялық жанармай бағасы. Бұл нарықтағы кез келген өзгеріс әуе тасымалының өзіндік құнына бірден ықпал етеді.

– Соңғы уақытта әуе билеттерінің қымбаттауы жанармай бағасының өсуімен байланысты болды. Сонымен қатар белгілі бір кезеңде авиациялық жанармай жеткілікті көлемде бола ма деген мәселе туындады. Көптеген авиакомпаниялар жанармаймен үздіксіз қамтамасыз етілу үшін жаңа жағдайларға бейімделуге мәжбүр болды. Әрине, бұл өз кезегінде әуе билеттерінің бағасына әсер етті, – деді қор төрағасы.

Инна Рей авиация жоғары шығынды талап ететін сала екенін және мұнда ең басты басымдық – қауіпсіздік екенін атап өтті. Ол үшін авиакомпаниялар әуе кемелеріне тұрақты техникалық тексерулер жүргізіп, барлық қауіпсіздік талаптарын сақтауы қажет.

Фото: Kazinform/ pexels/ freepik

– Қауіпсіз авиация – өте қымбат. Ұшақтардың қауіпсіз болуы үшін барлық қажетті техникалық тексерулер уақытылы жүргізілуі және қауіпсіздік талаптарының орындалуы қатаң бақылануы керек. Бұл – авиатасымалдаушыларға қойылатын басты талаптардың бірі. Сондықтан осы шығындардың барлығы билет бағасын қалыптастыру кезінде ескеріледі, – деді ол.

Оның айтуынша, билет бағасына Қазақстанның көптеген туристік бағыттардан алыс орналасуы да әсер етеді.

– Қазақстан көптеген туристік бағыттардан едәуір қашық орналасқан. Егер ұшу төрт-бес сағатқа созылса, бұл салыстырмалы түрде қолайлы қашықтық саналады. Алайда кейбір бағыттар бойынша ұшу уақыты он сағатқа дейін жетеді. Мұндай жағдайда авиакомпаниялардың шығынында жанармайдың үлесі өте жоғары болады. Сондықтан авиациялық жанармай нарығындағы кез келген мәселе әуе билеттерінің бағасына бірден әсер етеді, – деп қосты Инна Рей.

Сонымен қатар ол туристік жолдамалардың бағасына тоқталып, олардың құнына валюта бағамының ықпалы зор екенін айтты. Себебі шетелде көрсетілетін көптеген қызметтердің ақысы шетел валютасымен төленеді.

– Біз туристік пакеттердің қымбаттауының негізгі себебі – валюта бағамының өсуі екенін көріп отырмыз. Турпакеттер басқа елдерде көрсетілетін қызметтерден құралады, сондықтан олардың құны шетел валютасымен есептеледі. Валюта бағамы көтерілген кезде теңгемен есептегендегі құны да өседі. Бұл тұтынушыларға тікелей әсер етеді және бағаның қымбаттауының негізгі себептерінің бірі болып табылады, – деді қор төрағасы.

Сонымен қатар Инна Рей халықаралық нарықтағы жағдайдың әлі де тұрақсыз екенін және жанармай бағасының өзгеруі бірден билет құнына әсер ете бермейтінін айтты.

– Қазіргі кезде жағдайдың қаншалықты тұрақты екенін нақты айту қиын, өйткені бәрі үнемі өзгеріп жатыр. Кейбір бағыттар ашылып, кейбірі жабылып жатыр, бағада да өзгерістер болып тұрады. Бүгінде жанармай тапшылығына байланысты рейстер тоқтатылып жатыр деген ресми ақпарат жоқ. Алайда жанармай бағасының өсуі немесе төмендеуі билет бағасына бірден әсер ете бермейді, – деді ол.

Қорытындылай келе, әуе билеттерінің құны көптеген факторлардың ықпалымен қалыптасады. Маусымдық сұраныс – солардың бірі ғана. «Туристік Қамқор» қорының мәліметінше, билет бағасына авиакомпаниялардың операциялық шығындары, авиациялық жанармайдың құны, және валюта бағамының ауытқуы негізгі әсерін тигізіп отыр.

Айта кетейік, Ормуз бұғазы арқылы мұнай жеткізу тізбегіндегі іркілістер аясында Еуропа мен Азияның бірқатар әуе компаниясы авиаотын бағасының қымбаттауы мен оның тапшылығы қаупіне байланысты рейстер санын қысқарта бастады.