«Аталған заң жобасының негізгі мақсаты авиация саласында қолданыстағы заңнаманы жетілдіру және бүгінгі Қазақстанның авиациясы саласындағы қызметтін БҰҰ-ның Азаматтық авиация саласындағы халықаралық ұйымы қағидаттары мен талаптарына сәйкестендіру болып отыр. Сонымен бірге осы саладағы мемлекеттік реттеу, авиация саласында қызмет көрсететін компаниялардың жауапкершілігін арттыру, авиациялық қауіпсіздік сияқты маңызды өзгертулер мен толықтырулар қарастырылған», - деді заң жобасына қатысты түсініктеме берген сенатор Сәрсенбай Еңсегенов.
Оның атап өтуінше, бірінші оқылымда қаралып жатқан заң жобасының тұжырымдамасына қатысты Сенаттың тұрақты комитеттерінен не болмаса депутаттардың тарабынан ұсыныстар түспеген.
«Заң жобасындағы негізгі маңызды мәселелеге тоқталсақ, авиациялық қауіпсіздік туралы арнайы бап енгізілгелі отыр. Бұрын ұшу қауіпсіздігі деген норма болған. Жалпы авиациялық қауіпсіздік шараларын бұл саладағы уәкілетті орган саналатын ИКАО-мен келісе отырып, соның қағидаттарына, стандарттарына сәйкес әзірлеуге міндеттіміз. Бұл нені білдіреді? Яни қосымша адами және материалдық күштерді тарта отырып, авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуіміз керек», - деді сенатор.
Сонымен қатар ол авиация саласында қызмет көрсететін ұйымдардың, мекемелердің қызметіне 1, 2 және 3 дәрежелі сертификат берілетіндігін атап өтті.
«Міне осы дәрежелерге сәйкес келмеген жағдайда оларға қолданылатын шаралар бар. Оның ең ауыры үшінші дәрежелі сертификатқа сай келмеу. Мұндай жағдайда азаматтық авиация жөніндегі уәкілетті орган ұшуға берген серификаты жоюға мүмкіндік алады», - деді ол.