Қазақстанда автомобильдерді тіркеу және жүргізуші куәлігін беру ережелеріндегі өзгерістер күшіне енді
Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінен хабарлады.
Сонымен қатар аталған өзгерістерге сәйкес, бүгіннен бастап тіркелген тұрғылықты мекенжайына қарамастан Мемлекеттік корпорация ғимаратында орналасқан тіркеу-емтихан алу бөлімшесінде емтихан тапсырған тұлғаларға жүргізуші куәлігі беріледі.
Бұған қоса, азаматтарға дербес дайындалуға және «Азаматтар үшін Үкімет» мемлекеттік корпорациясы ғимаратында орналасқан тіркеу-емтихан алу бөлімшесінде «А, А1, В, В1» санаттарында автомото көлік құралдарын басқару құқығына жүргізуші куәлігін алу емтиханын тапсыруға мүмкіндік беретін норма енгізілді.
Емтихандарды алу процедурасы өзгеріссіз қалады, теориялық және практикалық кезеңдерден тұрады. Көлік құралы жүргізушілігіне кандидат 40 минут бойы теориялық емтихан тапсырады. 32 сұраққа дұрыс жауап берген жағдайда практикалық емтиханға жіберіледі.
Практикалық емтихан тапсыру барысында кандидат 20 минут бойы бір-бірімен белгілі бағдар бойынша байланысқан 12 сынақ жаттығуын тапсыруы тиіс. Бұл ретте айып балдары 100-ден аспауы қажет.
«Азаматтар үшін Үкімет» мемлекеттік корпорациясында көлік жүргізу дағдысы бойынша практикалық емтихан алу қажетті техникалық құралдармен жабдықталған, автоматтандырылған автодромдарда жүргізіледі.