Көлік министрлігі мәліметінше, өзгерістер суық ресайклирлеу технологиясын кеңінен қолдануды, сондай-ақ қозғалыс қарқындылығы төмен жолдарда балама жол конструкцияларын пайдалануды қарастырады. Бүгінде жергілікті жол желісінің едәуір бөлігі шағын елді мекендерге қызмет көрсетеді. Мұндағы қозғалыс қарқындылығы тәулігіне 200 автомобильден аз.
Мұндай жүктемелерде қымбат тұратын асфальтбетон жабынын орнату көбіне экономикалық тұрғыдан негізсіз болып саналады. Салыстыру үшін, асфальтбетон жабынын жасау құны өтпелі типтегі жабынның құнынан 1,5–3 есе артық болуы мүмкін. Ал жекелеген ауылдық жолдардағы нақты көлік жүктемесі күрделі конструкцияларды қолдануды талап етпейді.
Осыған байланысты жаңа нормалар жолдың техникалық санатын өзгертпей, қиыршықтас, шағылтас жабындарын, топырақ стабилизаторларының технологияларын және жол жабының өзге де баламалы конструкцияларын қолдану мүмкіндігін көздейді. Сонымен қатар суық ресайклирлеу технологиясын қолдану мүмкіндіктері кеңейтілді.
Егер бұрын алынған материал жол киімінің негізін жасау үшін ғана пайдаланылса, енді оны жөндеу жұмыстарының кең ауқымында пайдалану мүмкіндігі нормативтік түрде бекітілді.
Суық ресайклирлеу қолданыстағы жол жабынының материалдарын 100% дейін қайта пайдалануға, жаңа инертті материалдар мен битум тұтынуды азайтуға, сондай-ақ жобалау шешімдеріне байланысты жөндеу жұмыстарының құнын 20–40% төмендетуге мүмкіндік береді. Жаңалық ретінде топырақ жолдарды қиыршықтас және шағылтас жабындарына ауыстыруды, сондай-ақ стабилизаторларды қолдана отырып, жақсартылған топырақтарды пайдаланудың нормативтік мүмкіндігі жасалғанын айтуға болады.
Бұл бюджет қаражатын ұтымды пайдалана отырып, ауылдық елді мекендердің жыл бойы көлік қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.
Республикалық жолдарда ауқымды жөндеу жүріп жатқанын жазған едік.