Қазақстанда автожолдардағы 12 медициналық-құтқару пункті жұмыс істейді - Денсаулық сақтау министрлігі

АСТАНА. 27 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақстанда республикалық жолдардың апатты жерлеріндегі жол-көлік оқиғалары нәтижесінде жарақаттанушылықты азайту үшін 12 трассадағы медициналық-құтқару пункті құрылды, деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

«Трассадағы 12 медициналық-құтқару пункті ашылды. Сонымен қатар, 4 ауданаралық травматологиялық бөлім ашылады. Олар жалпы халық саны 80-100 мың адамнан кем болмайтын жақын жердегі 2-3 ауданға жол-көлік оқиғасынан зардап шекендерді тасымалдаудың қысқа жолымен қызмет көрсетеді», - деп хабарланған мәлімдемеде. Рrimeminister.kz сайтының жазуынша, санитарлық авиацияның құрылған Республикалық үйлестіру орталығы 2 мыңға жуық ұшуды жүзеге асырған, сондай-ақ жедел жәрдем қызметін жетілдіру бағытында реанимобильдер сатып алынуда, жер-жерлерде GPS-навигация жүйесі енгізілуде. Кадрлармен қамтамасыз ету мәселесін шешу мақсатында жедел медициналық көмек көрсету ұстанымдарын 200-ден астам медициналық қызметкер оқыды, олардың 150-ге жуығы - дәрігер және 80-і - орта медициналық қызметкер. Естеріңізге сала кетейік, трассадағы медициналық-құтқару пункттерін ұйымдастыру ҚР Президенті Н. Назарбаевтың жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларды орындау барысында денсаулық сақтауды дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» Мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген.