ҚР Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, бірінші кезеңде бас қолбасшылар мен қолбасшылардың басшылығымен соғыс уақытында әскерлерді қолданудың оқу жоспарлары нақтыланды. Аумақтық қорғаныс бөлімшелерінің қатысуымен әскери міндеттілерді шақыру арқылы жұмылдыру және тактикалық-арнайы оқу-жаттығулары өткізіліп, ведомствоаралық өзара іс-қимыл мәселелері пысықталды.
2022 жылғы 26 қыркүйек пен 8 қазан аралығына жоспарланған екінші кезеңде «Айбалта-2022» стратегиялық оқу-жаттығуы шеңберінде Қазақстанда бірқатар жедел-тактикалық, тактикалық, тактикалық-арнайы, ұшу-тактикалық және арнайы оқу-жаттығулары өткізіледі. Бас қолбасшылар мен қолбасшылар қабылдаған шешімдердің негізінде бірінші кезең барысында әскерлер оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындауы қажет.
Оның ішінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының «Өзара іс-қимыл», «Іздеу» және «Эшелон» оқу-жаттығулары да бар. Бұл бірлескен маневрлер ҰҚШҰ-ның Қорғаныс министрлері кеңесі мен Қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитетінің 2018 жылғы 8 қарашадағы шешіміне сәйкес, Ұйымға мүше елдердің бірінің аумағында жыл сайын өткізіліп тұрады.
«Іздеу-2022» арнайы оқу-жаттығуы Ұйымға мүше мемлекеттер барлау органдарының күштері мен құралдарымен барлауды ұйымдастыру және жүргізу бойынша оқу-жауынгерлік міндеттерді орындауға бағытталған.
«Өзара іс-қимыл-2022» командалық-штабтық оқу-жаттығуы Ұжымдық қауіпсіздіктің Орталық Азия өңіріндегі қарулы қақтығысты оқшаулау бойынша бірлескен операцияларын дайындау мен оларды өткізу мәселелерін пысықтауды көздейді.