Қазақстанда әйелдер денсаулығын қорғау науқаны басталды

АСТАНА. 23 қазан. ҚазАқпарат - Қазақстанда 23 қазан мен 3 қараша аралығында Дүниежүзілік денсаулық ұйымының (ДДСҰ) қолдауымен «Әйелдер денсаулығын қорғау» ұранымен онкүндік өтеді.

Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Ажар Төлеғалиева мәлім етті.

«Қатерлі ісік ауруларының қазіргі кезде күрделі мәселе екендігі, яғни осы індет еліміздегі өлім-жітім себептерінің бірі болып отырғандықтан аталған онкүндік аясында әйелдер арасындағы онкологиялық аурулар жөнінде ауқымды ақпараттық жұмыс жүргізіледі»,-деді департамент басшысы.

ДДСҰ мәліметіне қарағанда, жыл сайын әлемде сүт безі обыры дертіне шалдыққан 1,4 млн. жағдай анықталып, 460 мыңдай өлім-жітім тіркеледі. Осыған орай жылда қазан айында дәстүрлі түрде қатерлі дертке қарсы іс-шаралар ұйымдастырылады.

Онкүндік барысында дәрігерлер тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, сондай-ақ медициналық қызметкерлер үшін семинарлар мен тренингтер, ал емханаларда «ашық есік» күндері өткізіледі. Бұған қоса ата-аналармен, педагогтармен, жасөспірімдермен кездесулер ұйымдастырылады.