Қазақстанда әйелдер мен балалардың әл-ауқаты туралы ЮНИСЕФ зерттеуі өтеді

АСТАНА. KAZINFORM – 2 қыркүйекте елімізде ЮНИСЕФ әзірлеген халықаралық мультииндикаторлық кластерлік зерттеу (MICS) басталады. Онда әйелдер мен балалардың денсаулығы мен әл-ауқатының жай-күйі бағаланып, мониторинг жүргізіледі.

Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Бұл туралы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Әсел Шауенова айтып берді.

Оның айтуынша, елімізде MICS зерттеуі төртінші рет жүргізіліп отыр. Бұған дейін зерттеу 2006, 2010 және 2015 жылдары өткізілген.

«Биыл Қазақстандағы MICS-тің негізгі мақсаты – әйелдер мен балалардың денсаулығы мен әл-ауқатының жай-күйін бағалау және мониторингтен өткізу, сондай-ақ олардың дамуының негізгі көрсеткіштері бойынша сенімді ақпарат алу. Бұл олардың әл-ауқатын тиімді бақылауға және ұлттық саясаттың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сауалнама денсаулық сақтау, тамақтану, білім беру, санитария, балаларды ерте жастан дамыту және басқа да көптеген аспектіні қамтитын сұрақтардан тұрады», - деді спикер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Зерттеу Қазақстанның 20 өңірін қамтиды, 2 қыркүйек пен 29 қараша аралығында еліміздің қалалары мен ауылдарындағы 24 мың үй шаруашылығында сауалнама жүргізіледі. Бұл жұмыстар Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілдігімен бірлесе отырып, БҰҰ-ның халықты қоныстандыру қорының (ЮНФПА) және Азия даму банкінің қолдауымен жүргізіледі.

Сауалнама алушылар Бюро, ЮНИСЕФ, АДБ және ЮНФПА логотиптері бар киім киіп, бейдж тағады. Әрбір бейджде сауалнама туралы сенімді ақпарат алуға болатын ресми веб-сайттың QR сілтемесі көрсетіледі.

MICS 2024 аясында бес негізгі сауалнама парағы болады. Бұл үй шаруашылығының сауалнамасы, әйелдерге арналған сауалнама, ерлерге арналған сауалнама, 5 жасқа дейінгі балалар туралы сауалнама, 5 жастан 17 жасқа дейінгі балалар туралы сауалнама. Әр сауалнама тұрмыс пен денсаулықтың түрлі аспектілерін қамтиды.

Мысалы, әйелдер мен ерлерге арналған сауалнамада жұмыспен қамту және оқыту, неке, психикалық денсаулық мәселелері қамтылған. Әйелдерге арналған сауалнамада босану және босанғаннан кейінгі көмек туралы қосымша сұрақтар бар. Бес жасқа дейінгі балалар туралы сауалнамада – ерте жастағы балаларды дамыту, балаларды тәртіпке келтіру, иммундау мәселелері, 5-17 жас аралығындағы балалар туралы сауалнамада – балалар еңбегі, ерте дағдыларды дамыту мәселелері қамтылған.

«Сауалнамаға қатысу ерікті түрде өтетініне, алынған ақпарат анонимдігі қатаң сақталатынына және оның тек статистикалық мақсаттарда пайдаланылатынына назар аударғымыз келеді. Сондықтан интревьюерлеріміз баратын үй шаруашылықтарын осы зерттеуге түсіністікпен қарауға шақырамыз. Респонденттер кез келген сұраққа жауап беруден бас тарта алады немесе кез келген уақытта сұхбатты тоқтата алады», - деді Ә. Шәуенова.

Зерттеу нәтижелері 2025 жылдың екінші жартыжылдығында Ұлттық статистика бюросының, ЮНИСЕФ сайттарында жарияланады деп күтілуде.