Қазақстанда айлық жалақының орташа мөлшері белгіленді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда 2019 жылдың қаңтар-наурыз айларында бір қызметкердің орташа айлық жалақысы 168 489 теңгені құрады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетіне сілтеме жасап.

Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда орташа айлық жалақы 10,5% , нақты көрсеткіште - 5,2% өсті.

Сонымен қатар, салалық құрылымда ең жоғары атаулы жалақы кен өндіру өнеркәсібі мен карьерлерді қазуда - 401,1 мың теңге (бұл орташа республикалық деңгейден 2,4 есе жоғары), қаржы және сақтандыру қызметінде - 323 мың теңге (1, 9 есе), кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет саласында - 296,3 мың теңге (1,8 есе), ақпарат және байланыс саласында - 253 мың теңге (1,5 есе), көлік және қоймалау - 218,2 мың теңге (1,3 есе).

Атаулы жалақының ең төменгі деңгейі ауыл шаруашылығында, орман және балық шаруашылығында тіркелді - 93,2 мың теңге, бұл орташа республикалық көрсеткіштен 44,7% төмен.

Аймақтық тұрғыда ең жоғары атаулы жалақы Атырау облысында тіркелді - 322,7 мың теңге, бұл республикалық орташа көрсеткіштен 1,9 есе жоғары. Түркістан аймағында оның құны 109 мың теңгені құрап, республикалық орташа көрсеткіштен 35,3% төмен болды.