Қазақстанда азаматтығы жоқ тұлғалармен арадағы неке көбейіп келеді

АСТАНА. Қыркүйектің 30-ы. ҚазАқпарат - Қазақстанда ел азаматы мен азаматтығы жоқ тұлғалар арасындағы неке жыл сайын артып келеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасында азаматсыздықты болдырмау және қысқарту жөніндегі ұлттық семинар барысында ҚР Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі комитеті Азаматтық хал актілерін тіркеу және аспостильдеу басқармасының бастығы Заида Нұрабаева айтты.

 Оның сөзіне қарағанда, 2007 жылы елімізде азаматтығы жоқ тұлғалармен 36 неке қиылса, өткен жылы бұл сан 47-ге жеткен. Ал ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында 37 неке тіркелген. Сонымен қатар, аралас неке негізінен Ресей азаматтарымен жасалады, яғни 50 пайызды құрап отыр. Одан кейін Өзбекстан мен Қырғызстан елдері азаматтарымен арадағы неке көп тіркелуде. Сондай-ақ алыс шет елдерден, атап айтқанда Германия мен Түркия азаматтарымен де некелесу орын алуда.