Қазақстанда азаматтық біртектілік айтарлықтай қалыптасып қалды - Ж. Жүнісова

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық азаматтық біртектілік айтарлықтай деңгейде қалыптасып қалды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте саясат ғылымының докторы, мемлекеттік басқару академиясының профессоры Жаңылжан Жүнісова мәлім етті.

Оның айтуынша, «Нұр Отан» партиясының қоғамдық саясат институты жақында зерттеу жүргізіп, онда қазақстандық азаматтық біртектілік туралы сұрақты көтерген болатын. «Яғни, біздің халқымыз қаншалықты деңгейде өздерін ең бірінші кезекте қазақстандық ретінде санайды деген мәселе. Сұрау салынғандардың 70 пайызы өздерін ең алдымен Қазақстан азаматтары ретінде сезінетінін алға тартты. Бұл - аса жоғары көрсеткіш. Сонымен бірге, адамдардың аз ғана бір тобы ғана өздерін Қазақстандағы этнос өкілдері ретінде санайтынын көрсеткен», - деді Ж. Жүнісова.

Оның айтуына қарағанда, сауалдамаға қатысқандардың аз ғана пайызы өздерін ең алдымен мұсылман немесе православтық деп санайтынын айтқан.

«Сауалдаманың мұндай нәтижесінің өзі елімізде қазақстандық азаматтық біртектілік айтарлықтай деңгейде қалыптасып қалғанын көрсетеді. Алайда, бұл жеткілікті түрде ұзақ үдеріс, билік, азаматтық қоғам мен сараптамалық қауымдастық және БАҚ тарапынан белгілі бір күш-жігерді қажет етеді», - деді Ж. Жүнісова.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы айқындаған бес институционалдық реформаның төртіншісі «Болашағы біртұтас ұлт» деп аталады. Бұл ретте Елбасы Н. Назарбаев «қазақстандық біртектілікті одан әрі нығайту қажеттігін» алға тартқан болатын. «Ол азаматтық қағидатына негізделуі тиіс. Барлық азаматтар құқықтың бір көлемін пайдалануы, жауапкершіліктің бір жүгін арқалауы және тең мүмкіндікке қолжетімділікті иеленуі керек. Мәңгілік Ел идеясы арқауындағы жұмылдырушы құндылықтар - азаматтық теңдік; еңбексүйгіштік; адалдық; оқымыстылық пен білімді қастер тұту; зайырлы ел - тағаттылық елі. Осындай жағдайда азаматтық орнықты және табысты мемлекеттің ең сенімді іргетасы болады», - деген еді Н. Назарбаев.