Қазақстанда азаматтық қоғамға қашан да жіті көңіл бөлініп келді, болашақта да солай бола бермек - ІV Азаматтық форум

А.  Қарашаның 24-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспанәлиев/ - «Қазақстанда азаматтық қоғамға қашан да жіті көңіл бөлініп келді және болашақта да солай бола бермек». Бұл Мемлекет басшысының Азаматтық форумға қатысушыларға жолдаған сөзі, деді бүгін Мемлекеттік хатшы-Сыртқы  істер  министрі  Қанат Саудабаев  ІV Азаматтық форумда.

Оның айтуынша, ел тәуелсіздігін алғалы азаматтық қоғамды дамыту елдің ішкі саясатының басым бағыты болып келді. «Бүгінде елімізде 25 мыңнан астам коммерциялық емес ұйымдар жұмыс істейтін болса, соның 13 мыңнан астамы - үкіметтік емес ұйымдар. Аталмыш ұйымдар саны тек биылғы жылдың өзінде 10 пайызға өсті. Және 550 мыңнан астам адам осы саладағы қызметке қамтылды. Ағымдағы жылы азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасының бірінші кезеңі аяқталады», деді Мемлекеттік хатшы.

 Қ. Саудабаев  форумның жұмысы жолға қойылғалы үшінші секторды қаржыландыру көлемі де ұлғайғанын атап  өтті. Әлемдегі экономикалық күрделі жағдайға қарамастан,  тек биылғы жылы ғана Мемлекет басшысының тапсырмасымен әлеуметтік тапсырыстарды жүзеге асыруға 1,2 млрд. теңге қарастырылып отыр. Бұл өткен 2008 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 45 пайызға жоғары», деді ол.