Аталмыш шараның бастамашылдары үш ұйымнан тұратын топтан құрылған - "ҮЕҰ Ақпараттық-ресурстық орталығы", "Дағдарыс орталық одағы" және "Жалғас" мекемесі.
Олардың айтуынша, азаматтық сектордың дамуын талқылауға арналған пікір алмасу алаңын ұйымдастыру қажет және ол "ҮЕҰ - мемлекет - донорлық агенттік" үлгісінде болуы керек. Сонымен қатар, азаматтық сектордың тиімді жұмысын құру үшін ҮЕҰ-дың ақпараттық кеңістіктерін дамыту қажет.
Ұйымдастырушылар пікірсайыс алаңындағы үлгі еліміздің азаматтық қоғам белсенділері арасындағы өзара түсіністіктерінің жақсаруына ықпал етіп, дұрыс және тиімді байланыс механизмін құруға көмектеседі деген сенімде.
Жиын барысында "2006- 2011 жылдарға арналған ҚР Азаматтық қоғамның даму тұжырымдамасының" іске асуы аяқталып келеді деп атап өтілді. "Осы жылдар арасында мемлекет, халықаралық ұйымдар мен ҮЕҰ тарапынан азаматтық қоғам құру бойынша көптеген істер атқарылды. Дегенмен, үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдық талқылауға шығарғысы келмейтін бірнеше проблемалық сұрақтары бар", делінді жиын барысында.