«Мұндай деңгейдегі жарыстарды ойдағыдай өткізу үшін елде ерікті көмекшілер даярлау қажет», - дейді қысқы Азиада-2011 Алматы дирекциясының мәдени-бұқаралық бөлімінің маманы Евгений Сычкин.
Оның айтуынша, бұған екі мыңға жуық еріктілер тартылмақ. Олар Алматыда да, Астанада да даярлануда. Еріктілерді қабылдау биылғы мамыр айында басталды, Алматыда волонтерлік орталық ашылды. Бүгінде оның штатына 100-ден астам волонтер қабылданды. Олар негізінен жастар: 16 жастағы және одан да ересек студенттер мен мектеп оқушылары. Оларды іріктеуде әрине қандай да бір жұмыстан тәжірибесі бар адамдарға басымдық беріледі.
«Осындай ірі халықаралық жобаға қатысу жастардың өздеріне де пайдалы болмақ. Олардың бірі тамаша тілдік тәжірибеден өтеді. Өйткені Азиадаға әлемнің көптеген елдерінің спортшылары қатысады. Екінші біреулері бірегей жұмыс тәжірибесін жинақтайды. Енді бірі жаңа достар табады. Біздің волонтерлер өз елінің патриоттары, сондықтан да олар өздерінің алдағы жұмыстарына зор жауапкершілікпен қарайтын болады және сөйтіп ортақ іске өздерінің лайықты үлесін қосады. Біздің Азиаданы ойдағыдай өткізуіміз Қазақстаннның әлем алдындағы беделін арттыра түсері сөзсіз», - деді Е.Сычкин.