Алдыңғы аптада жеті түрлі азық-түлік тауары арзандады. Ең көп төмендеу қызанақта байқалып, оның бағасы 8,5% түсті. Қияр 8,3%, жұмыртқа 1,5%, алма 1,1%, жаңа ауланған, салқындатылған және мұздатылған балық 0,4%, күнбағыс майы 0,2%, ал айран 0,1% арзандады. Ал күріш, нан және сүт бағасы өзгеріссіз қалды.
Сонымен қатар 21 түрлі тауардың бағасы өсті. Ең жоғары өсім қырыққабатта тіркеліп, ол 7,9%-ға қымбаттады. Пияз бен картоп 1,9%-ға, қант 1,6% өсті. Қалған өнімдер бойынша өсім 1%-дан аспады.
Өңірлер бойынша алғанда, бағаның өсуі төрт өңірде байқалды. Ақмола облысында баға 0,2%, Атырау, Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарында 0,1% көтерілді. Ал Астана мен Алматы қалаларында, сондай-ақ Қарағанды және Жамбыл облыстарында баға деңгейі тұрақты болды.
Бағаның төмендеуі 12 өңірде тіркелді. Ең үлкен төмендеу Қызылорда облысында байқалып, баға 0,9% азайды. Ақтөбе, Ұлытау, Қостанай және Түркістан облыстарында көрсеткіш 0,3%, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында 0,2%, ал Шымкент қаласы, Павлодар, Абай және Жетісу облыстарында 0,1% төмендеді.
Сауда және интеграция министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, ішкі нарықтағы баға тұрақтылығын қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырып жатқанын мәлімдеді.
— Жыл басынан бері өңірлік комиссиялардың 581 отырысы өткізіліп, сауда үстемесінің шекті мөлшерін асырғаны үшін 2 434 әкімшілік қаулы шығарылған. Сондай-ақ 26,5 мыңнан астам тауар өткізу тізбегі тексеріліп, заң талаптарының бұзылуына байланысты 3 816 тәуекел анықталған, — делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсу қарқыны өткен жылмен салыстырғанда төрт есе баяулап, 18 маусымдағы мәлімет бойынша индекс 7,3 пайыздан 1,8 пайызға дейін төмендегенін жазғанбыз.