Қазақстанда азық-түлік инфляциясы 8,5%-ға дейін төмендеді

АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылғы қыркүйекте Қазақстандағы жылдық инфляция 9,3%-ды құрады. Оның ішінде азық-түлік тауарларының бағасы бір жылда 8,5%-ға өсті. Ал айлық инфляция тамыздағы деңгейде сақталып, 0,6% болды.

Фото: Статистика бюросы

Қыркүйекте бірқатар азық-түлік тауары арзандады. Атап айтқанда, пияз бағасы 20,7%-ға, лимон – 13,9%-ға, сәбіз – 13,6%-ға, картоп – 13,4%-ға, баялды – 11,2%-ға, қырыққабат – 10,1%-ға төмендеді. Сондай-ақ тәтті бұрыш, алма, алмұрт, сарымсақ пен банан бағасы түсті.

Балалар тағамына арналған жармалар 6,1%-ға, қант 1,3%-ға арзандады.

Жылдық есепте де бірқатар жеміс-көкөніс өнімінің бағасы төмендеген. Бір жылда алма 11,1%-ға, лимон – 8,3%-ға, қызылша – 6,9%-ға, қырыққабат – 6,1%-ға, банан – 5,6%-ға, тәтті бұрыш 3,9%-ға арзандады.

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін ішкі нарықтағы тауар ұсынысын қамтамасыз ету, өнімді өндірушілерден тікелей жеткізу, артық делдалдарды қысқарту және сауда үстемесін бақылау шаралары жүргізіліп жатыр.

Жыл басынан бері тікелей жеткізу тетігі арқылы ішкі нарыққа шамамен 33,2 мың тонна картоп, 13,9 мың тонна сәбіз, 4,7 мың тонна пияз және 177,7 тонна ақ қырыққабат жеткізілген. Өнімдердің негізгі бөлігі Қытай, Өзбекстан және өңірдегі басқа елдерден әкелінді.

Сонымен қатар тұрақтандыру қорлары мен «айналым схемасы» қолданылып келеді. Жыл басынан бері өңірлік комиссиялардың 816 отырысы өткізіліп, 3 391 заңбұзушылық анықталған. Нәтижесінде жеткізу тізбегінен 222 өнімсіз делдал шығарылды.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген 15%-дан аспайтын сауда үстемесін бұзу деректері бойынша жыл басынан бері 3 610 әкімшілік қаулы шығарылған.

– Азық-түлік бағасын тұрақтандыру жұмысы жалғасуда. Бұл ретте азық-түлік инфляциясына барынша әсер ететін негізгі тауарларға және ішкі нарықты қажетті өнімдермен тұрақты әрі үздіксіз қамтамасыз етуге басымдық берілуде, – делінген министрлік хабарламасында.

Бұдан бөлек, маусымнан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын, сондай-ақ ұн тарту және нан пісіру кәсіпорындарына арналған бидайды теміржолмен тасымалдауға төмендетілген коэффициент қолданылады. Бұл тасымалдау құнын 40%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, тамыз айында Қазақстандағы жылдық инфляция 9,8%-ды, ал азық-түлік инфляциясы 9,5%-ды құраған еді. Осылайша қыркүйекте екі көрсеткіш те төмендеді.